Алматыдағы «Атакент» кешенінің жері қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылады. Ал кешенге кіреберіс қақпа алдындағы автотұрақ түгелдей жойылып, бірде-бір көлікке аркаға кіруге тыйым салынады. Қала әкімі Бауыржан Байбек қарамағындағыларға бүгін осындай тапсырма берді. Өйткені, іскерлік орталықты басқарушы компания аумаққа атүсті қарап, дамыту жөніндегі міндеттерін орындамаған. Енді саябақтың сәнін кетіріп, тынығушыларға жағдай жасамағандармен келісімшарт бұзылады.
Атакент аумағындағы саябақ бір кездері қала тұрғындарының жиі келетін керемет демалыс орны болған. Қазір мұнда адам қарасы көп көрінбейді. Тек жақын маңда тұратын тұрғындар ғана тынығады. Өйткені, қараусыз қалған бақтың сәні кетіп, жұртқа мүлдем жағдай жасалмай отыр. Саябақтың ішіндегі тас жолдар мен бордюрлар опырылып жатыр. Шіріген бұтақтар да тиісті тазаланбаған. Кезінде тіз қатар қойылған орындықтар да әбден ескіріп кеткен.
Саябақ ішіндегі зейнеткерлерге арналған орын да «жетім қыздың күйін» кешіп отыр. Бір кездері мұнда қаланың қарттары бас қосып, шахмат ойнап, әңгіме-дүкен құратын. Қазір бұл орынның күйі кетіп, жұлым-жұлымы шыққан. Бұдан бөлек, тұрғындар балалар ойнайтын алаңдардың жоқтығына қапаланды. Саябақ ішінде бүлдіршіндерге арналған жалғыз орынның сыйқы мынау.
Енді тұрғындарды мазалаған мәсәлелер шешімін табады. Өйткені, мұндай бассыздықтарды өз көзімен аралап көрген қала әкімі Бауыржан Байбек аумаққа атүсті қарап, көріктендіру жұмыстарын жасамаған басқарушы компаниямен келісімшартты бұзуды тапсырды. Әрі, «Атакенттегі» телімді қаланың коммуналдық меншігіне қайтаруды қадап айтты. Кешен айналасындағы асфальтты жерді азайтып, жасыл желекті көбейтуді алға тартты. Сондай-ақ отыратын орындықтар мен қоқыс жәшіктерін ауыстыруды міндеттеді.
Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орталыққа кіреберістегі көлік тұрағы түгелдей алынатын болды. Және «Атакент» аумағына қақпадан көліктердің кіруіне тыйым салынады.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы