Атамбаев Қазақстан жайлы айтқан сөзіне күмәнданып отыр

19.10.2017 22:26

Қырғыз елінің президенті Алмазбек Атамбаев өзінің сайлау алдында Қазақстан жайлы айтқан сөздерінің дұрыс-бұрыстығына енді өзі күмәнданып отыр. Бұл ойын ол бүгін Бішкекте жастарға стипендия тағайындау салтанатында мәлімдеді. "Қазақстан басшысы туралы әсіре сөйлеп айтқаным, дұрыс болмаған сияқты",- депті, Қырғызстанның президенттің мерзімі аяқталуға жақын қалған лидері. Айта кетейік, 15-ші қазанда өткен президент сайлауы қарсаңында Атамбаев Қазақстанға қатысты негізсіз мәлімдемелер жасап, абыройына нұқсан келтіріп алды. Оның бүгінгі ақталысын саясаттанушы Ерлан Карин өзінің Facebook парақшасында "жауапсыз ойынға" балады.   

«Қырғызстанның лауазымды қызметтен кеткелі жатқан президенті бәрін былықтырып жіберді. Мемлекеттік департамент, жергілікті оппозиция, үкіметтік емес ұйымдар, қазақ олигархтары, бәрін қым-қуыт араластырып жіберді. Оның мәлімдемелеріне назар аудармасақ та болар еді. Алайда, сандырағы шектен шығып барады. Біздің  ішкі мәселелерімізге, айталық, латын әліпбиіне қатысты баға беруі, екі жақты қарым-қатынасты жақсартуға ықпалдасады дегенге сену қиын. Қазіргі ахуалға түрлі геосаяси күштерді араластыру әрекеті, бұл - қауіпті әрі жауапсыз ойын», - деді  саясаттанушы Ерлан ҚАРИН. 

Ал бұл уақытта, Астанаға Бішкектен үлкен үкіметтік делегация шұғыл ұшып келді.  Сапар Исақов үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен кездесті. Қырғыз делегациясы құрамында бірінші вице-премьер, сыртқы істер және қаржы, экономика министрлері мен мемлекеттік кедендік қызметтің, салық және шекара басшылары келген. Қазіргі уақытта тараптар арасында келіссөздер жүріп жатыр. Айта кетейік, соңғы күндері Қазақстанның шекара қызметі жоспарлы шара негізінде Қырғызстанмен арадағы бекеттерде қауіпсіздікті күшейтті. Ал, Кеден қызметі қырғыз тауарларының сапасына айрықша ден қойып жатыр. 7 күннің ішінде 835 қырғыз көлігі тексеруден өтіп, нәтижесінде 117 заң бұзушылық анықталған.