Универсиада-2017 атлеттер ауылы 3 мыңнан астам делагатты қабылдамақ. Қазір нысандары соңғы әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Командалар 24 қаңтардан бастап келетіндіктен, дәл сол күні атлеттер ауылының ашылу салтанаты өткізілмек. Атлеттер ауылында спортшылармен қатар, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және тағы басқа елдерден келетін 100-ге жуық ерікті жайғасатын болады. Ал, бас жоспарға сәйкес атлеттер ауылы 5 мың адамды сыйғызуға қауқарлы.
«Қазіргі таңда нысандар 90 пайызға дайын. Тұрғын үй блоктарын жабдықтау, тұрмыста қолданылатын шағын заттарды техникалық орнату жұмыстары жүргізілуде», - деді «2017-Универсиада дайындау және өткізу жөніндегі дирекция» департамент басшысы Сәнім ШӘРІПОВА.
Пирамида түрінде салынған әкімшілік ғимаратта орналасатын Атлеттер ауылы Универсиада обьектісінің «жүрегі» саналады. Мұнда келген қонақтарды аккредиттеу, көші-қон қызметі, қаржы департаменті, спорттық ақпарат орталығы орналасқан. Сонымен қатар, Универсиада кезінде тасымалдау қызметі мен автобустардың бағыттарын да осы жерден білуге болады.