Атырау тұрғынын әйелі мен қызы өлтіріп, үстіне бетон құйып тастаған

08.09.2018 04:25

Атырауда әйел мен оның қыздары отағасын өлтіріп, туысқандарына "ол Таяу Шығысқа жиһадқа аттанды" деп сендіріп келген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Жантүршігерлік қылмыс туралы атыраулық Виктория Шамшодина фейсбуктегі парақшасында жазды. 

Қыздың айтуынша, 2012 жылы әкесінің туған бауыры, яғни ағасы із-түссіз жоғалып кеткен. Ер адамның әйелі мен қыздары оның жат ағымға кіріп, шет елге жиһадқа аттанғанын айтып, туысқандарын осыған сендірген. 

Алайда полиция арада бірнеше жыл өтсе де, тергеуді тоқтатпаған. Бірде жоғалған ер адамның әйелі мен қыздары полицияға тағы бір мәрте шағым түсіргенде, өтіріктің беті ашылады. Хабарсыз кеткен ер адамның отбасы туысқандарын ақша бопсалады деп айыптаған. 

Осы арыздан кейін ұсталған жігіт полицияға бар шындықты айтады. Ол жоғалған ер адамның шын мәнінде шетелге кетпегенін, оны әйелі мен туған қыздары өлтіріп, денесін бөлшектеп, үй ауласындағы душтың астына көміп, үстіне бетон құйып тастағанын мәлімдеген. 

Полиция бұл ақпаратты тексеріп, мұның шындық екеніне көз жеткізеді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ауладағы душты бұзып, жердің астынан адам денесінің сүйектерін тапқан. Әзірге полицейлер оның нақты кімдікі екенін айтуға асықпайды – сараптама нәтижесін күтіп отыр. 

«Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеудің басталғанына біраз болды. Іс фигуранттары анықталып, ұсталды», — деп мәлімдеді Атырау облысы ішкі істер Департаменті. 

Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның толық мән-жайы хабарланбай отыр. Ведомство тергеу шаралары аяқталған соң, қосымша ақпарат таратамыз деп сендіруде.