Атыраулық 9 жасар шахматшы Зарина Нұрғалиева Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиевтің айтуынша, 8-15 шілде аралығында Шри-Ланканың Калатура қаласында шахматтан 7-17 жасар мектеп оқушылары арасында Азия чемпионаты өтті. Оқушылар арасындағы 14-ші Азия чемпионатында әлемнің 16 елінен 7-ден 17 жасқа дейін 400 спортшы қатысты. Қазақстандық шахматшылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жеңіп алды. Атыраулық шахматшы қыз Зарина Нұрғалиева «рапид» түрі бойынша күміс және «блиц» түрі бойынша алтын медальға ие болды. Тағы бір спортшымыз - Аят Абдуллаев командалық есепте қола жүлдеге ие болды.
Кеше Атырау темір жол вокзалында жеңімпаздарды туған-туыстары және облыстық спорт басқармасының қызметкерлері салтанатты түрде күтіп алды.
«Атыраулық үш спортшымыз да өте жоғары нәтижеге қол жеткізді. Биылғы құрлық чемпионатына жан-жақтан қатысушылар көп келді. Оның өзі жылма-жыл бәсекелестіктің артып келе жатқанын көрсетеді. 9 жасар Заринаның шахматпен айналысып жүргеніне екі жылға жақындап қалды», – дейді жаттықтырушысы Жәнібек Аманов.
Айта кету керек, Заринаның бұл шетелдегі алғашқы жарысы. Соған қарамастан жерлесіміз ең үздік атанып отыр. Облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсин Атырауда шахмат спорты өте жақсы жолға қойылғанын атап айтты. Ел біріншіліктерінде спортшыларымыз табысты нәтиже көрсетіп жүр