Атыраулық жиһанкез Қазақстанды велосипедпен шарлап жүр

26.09.2017 20:58

Атыраулық жиһанкез Қазақстанды велосипедпен кезіп жүр. Қос дөңгелекті көлікті тақымдаған 36 жастағы отандасымыз өз сапарын осыдан 2 ай бұрын еліміздің батысынан бастаған екен. Жеті бірдей қалада болып, Алматыға табан тірепті. Ендігі бағыты - оңтүстікке бет алу. Жиһанкездің бұлай сапарлатуына не түрткі?


¤Атыраулық Ақмарал Мәжітованың негізгі мамандығы аудармашы. Ол тіпті белді компаниялардың бірінде басшылық қызмет атқарып жүрген. 14 жылдық жұмыс өтілі бар жиһанкез бірақ күнде жұмысын тастап, велосипедпен ұзақ сапарға аттанған. Алдымен жолға қажетті заттарды сатып алыпты. Кейін анасынан рұқсат сұраған. Басты мақсаты - бұрын өзі барып көрмеген жерлерді аралау болған. Сапары кезінде алдынан көптеген қиындықтар кездескенін жасырмайды.


«Өскеменнен шыққанда 30 километрде болтым сынып қалып, жолда кетіп бара жатқан көліктердің бірі тоқтап көмектесті. Ол аға Таскескенге бара жатырмын деп айтты. Таскескен дейтін ол Алакөлдің жолына түсетін жол. Сөйтіп сол ағамен жеттім де, болтымды жөндеп, одан кейін Алакөлге де жетіп қалдым. Көп қиындық болған жоқ. Енді дөңгелектің жарылғаны болмаса, ондай-ондай болып тұрады», - деді  саяхатшы Ақмарал МӘЖІТОВА.

 

¤60 күн ішінде саяхатшы Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Астана мен Павлодарды аралап көрген. Соңғы қалада 10 күн тұрақтап, Баянауыл мен Қарқаралыдағы ұлттық саябақтарды аралап қайтыпты. Кейін Семей пен Өскеменге де жолы түскен. Алда әлі Тараз, Қызылорда мен Шымкент тұр. Әр қалаға жеткен сайын алдынан тек жақсы адамдардың кездескенін айтады. Бірақ Алматыда оны дәл дәрігерлердің күтіп алғаны шынымен қуантты деп отыр. Өйткені, сапар кезінде денсаулығы сыр беріп, тексерілуге уақыт таппай жүрген.


«Айтқан шағымдарына байланысты көмек көрсетіп, рентген, ЭКГ жасап жатырмыз. Терапевттің тексеруінен өтті. Қан өткізді. Өзінің сұрауымен маммолог дәрігерімізге қаралды», - деді №11 «Қалалық емхана» МҚҚ бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Алмаш АРДАБАЕВА.

 

¤Велосипедті серік еткен жиһанкез алғашқы қар жауғанға дейін жалғастырады. Тек кейін киімі жарамайтындықтан үйіне кері қайтпақ. Бірақ бұл бастаған сапарын енді тоқтатпаймын деп отыр. Енді әлемді аралауға дайындалады. Алда өзі қалайтын Грузия мен Индияға баруды жоспарлап қойыпты.

 

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы