Ауғандықтар Қазақстан президенті туралы кітапқа қызығушылық танытқан

17.07.2018 01:03

Азаттықты аңсаған ел тәуелсіз халықтың өміріне қызыға қарайды. Соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстан оқырмандары Қазақстан президенті туралы кітапты жастана оқуға кіріскен. Алты ай бұрын «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын басылымның 500 данасы Кабулге жіберілген. Парсы тіліне аударылған Махмұд Қасымбековтың бұл туындысына әлі де сұраныс көп.

Бүгін Алматыда осы кітаптың тәржімаланған нұсқасының тұсауы кесілді. Басылымда қарапайым ауыл баласының қалай ұлт лидеріне айналғаны туралы баяндалады. Бұған дейін кітап ағылшын, неміс, франуз, қытай, араб, венгер, түрік және корей тілдерінде жарық көрген.

«Бұл кітаптың маңызы неде десеңіз, ауған халқы 40 жылдай соғысып жатыр. Бізбен көршілес, тарихымыз, дініміз өте жақын ел. Олар «неге біз осындай жағдайға түстік, неге қазақ халқы дамып, жетістіктерге жете білді, ал біздің кемшіліктеріміз неде?» деп ойлайды. Сол себептен, олар кітапты құштарлана оқып, өздеріне қажетті жауаптарды алуда», – дейді ҚР-ның Ауғанстандағы бұрынғы елшісі Өміртай БИТІМОВ.

Алматыдағы Ауған диаспорасы да дәл осы кітапқа қызығушылық танытқан екен. Кирилл қарпін танымайтын ауғандық өкілдер үшін қосымша тағы 200 данасы басылыпты.