Ауылдар үшін жеке тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді

25.05.2018 02:12

Көп балалы отбасына берілетін баспананың шаршы метрі ұлғаюы мүмкін. Одан бөлек, ауылдық жерлерге арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы құрылады. Бұл туралы Мәжілісте мәлім болды. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі депутаттарды «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асуымен таныстырды.

Көптің көкейін тескен баспана мәселесі бүгін мінберде қайта көтерілді. Бұл жолы депутаттар көп балалы отбасының күйін сөз етті. Бүгіндері баспанаға қойылған шекті шаршы метр олардың кеңінен тыныс алуына мұрша бермей отыр деген пікірде. Мәселен, бес баласы бар отбасына 80 шаршы метр беріледі екен. Осыған орай, депутаттар Инвестициялар және даму вице-министріне «Нұрлы жер» бағдарламасында пәтер ауқымын ұлғайтуға ұсыныс жасады.

«80 метрді жалпы қарайтын болсақ, екі бөлмелі, максималды үш бөлмелі пәтер. Дұрыс! Бұл бір баласы, екі баласы бар отбасына жақсы шығар. Ал 4-5 баласы бар отбасына біз не істейміз? Сондықтан осы шектеуді мүмкін 80 шаршы метрден көбейту керек шығар.110 шаршы метр деу кереу шығар», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Уәлихан ҚАЙНАЗАРОВ.

Бұл шешуге болатын мәселе секілді. Өйткені, вице-министр жауапқа көп бас қатырмады. Тек айтылған ұсыныс міндетті түрде қарастырылады - деді.

«Көп балалы отбасына арналған шаршы метр көлемін ойластырамыз. Шекті ауқымды біз қажетті нысан көлемін анықтау үшін қолдандық. Көп балалы отбасына жеңілдіктер қарастырған дұрыс. Ал инженерлік -коммуникацияға ешбір өзгеріс енбейді», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.

Қайырбек Өскенбаев «Нұрлы жер» бағдарламасын ауылдық жерде кеңінен қолданған дұрыс деген пікір білдірді. Жобаның басты міндеті - әлеуметтік аз қамтылған топқа қолдау көрсету. Осы тұста, елді-мекендердегі халықтың төлеу қабілеті төмен болғандықтан, жалға берілетін үйлердің санын көбейту қажет - дейді.

«Мен өткен жолғы отырыста ауылға деген көзқарасымның ерекше екенін айттым. Елді-мекендерге жаңа бағдарлама ойлап табу қажет. Үкімет қарауына ұсынған жоқпын. Бірақ менде осы жобаны іске асырудың екі жолы пайда болды.Осы айда толық бітіріп, талқыға жібереміз. «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасындағы тетіктер ауылдық жерлерге мүлде келмейді», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.

Ал депутат Нұртай Сабильянов сонау 90 жылдан бері жылжымай келе жатқан кезек мәселесін  тілге тиек етті. 20 жылдан астам арманы сағымға айналған азаматтар ең алдымен қоныс тойын тойлағаны жөн. Екіншіден, құрылыс компанияларына деген талапты күшейтіп, жауапкершілігін арттыру қажет - деді. Ақпарға жүгінсек, бүгіндері елімізде баспанаға мұқтаж азамат саны 3 млн-ға жуықтайды. Оңтүстік, Батыс Қазақстан өңірлерінде «Нұрлы жер» бағдарламасы ойдағыдай іске асып келеді. Керісінше солтүстік аймақ баяу өсім көрсетіп отырған көрінеді. Айта кетейік,  биыл салынатын тұрғын үй көлемі 12 млн шаршы метрден асу ықтимал.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов,«Алматы» телеарнасы Астанадан