Ауыр халде жатқан науқастарға дәрілер «Қазпошта» арқылы жеткізілетін болады

30.01.2018 02:10

Ауыр халде жатқан науқастарға дәрі-дәрмектер алдағы уақытта  «Қазпошта» арқылы жеткізілетін болады. Қанатқақты жоба ең алдымен биыл Қарағанды қаласында іске қосылмақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асатын жүйе нәтиже берсе, онда өзге өңірлерге де енгізіледі. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрі Мәжілісте айтты. Елжан Біртанов қатерлі ісікпен күресуге септігін тигізетін «Жасанды интеллект» жүйесіне де тоқталды.

Денсаулық сақтау Министрі Елжан Біртанов «цифрландыру» жүйесі бойынша іске асатын жобаларға рет-ретімен тоқталды. Соның бірі, ауыр халдегі науқасқа қажетті дәрмекті пошта арқылы үйіне дейін жеткізу. Бұл жүйенің жұмысы  алдымен Қарағанды қаласынан басталмақ. Тиімділігін көрсетсе, өзге өңірлерге енгізілмек.

«Біз «Қазпоштамен» келісіп, жаңа пилоттық бағдарламаны ойластырып жатырмыз. Бұның тиімді тұсы мынада: дәрігер қажетті рецепті жазып береді. Ал, Қазпошта дәріні науқастың үйіне дейін жеткізіп отырады. Елді-мекендерге де апару көзделген. Бұл өте үнемді жоба. Ең алдымен ауыр халдегі науқастарға жеткізілуі тиіс», - деді ҚР Денсаулық сақтау министріт Елжан БІРТАНОВ.

Елімізде қатерлі ісікпен күресу үшін алғаш рет «Жасанды интеллект» қолданылмақ. «Ватсон» деген атпен танымал жүйені 15-ке жуық мемлекет медицина саласына енгізіпті. Оның ішінде Қазақстан да бар. Былтыр аталмыш бағдарламаны ойлап тапқан компаниямен арнайы меморандумға қол қойылған. Нәтижесінде бүгіннің өзінде «Жасанды интеллектке» 100 мыңға жуық адамның дерті туралы ақпар кіргізілген.

«Ақпан айында біз «ЭЙ БИ ЭМ» компаниясынан науқасты қалай емдеу қажеттігі туралы  мәліметтерді аламыз. «Ватсон» дүние жүзі бойынша барлық әдебиеттерді, ғылыми мақалаларды, мүмкін деген клиникалық протоколдарды ақтарып,бір минут ішінде емдеу тәсілдерін шығарып береді. Демек, дәрігер қолданала алатын ең тиімді мүмкіндіктерді көрсетеді»,- ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Алдағы уақытта еңбекке жарамсыз қағазы, түрлі қатерлі дерттермен тіркеуде тұрған азаматтарға қажет анықтама қағаздары «egov.kz» порталы арқылы беріле бастайды. Осы тұста «электрондық паспортқа» көшу мәселесі де сөз болды. Қазірдің  өзінде Қарағанды да белсенді түрде  қолданысқа енген жүйе биылдан бастап, өңір-өңірді қамтымақ. Депутаттар ауылдық жерлерге қолжетімді болуы үшін ең алдымен компьютер және ғаламтор желісін жолға қою маңызды әрі, аталмыш саладағы 26-ға жуық маңызды бағыттарды біріктіру қажет -дейді.

«Егер біз аудан орталығын алсақ,аудан орталығындағы ауруханы кіммен қатынаста болуы керек? Шалғай шетте орналасқан врачебный амбулатория дейміз. Фельдшерлік - акушерлік пункт дейміз. Иә, болмаса ауылдық медпункт дейміз. Міне солармен қарым-қатынас болу керек.Ал, олар қалалалық, облыстық ауруханалармен байланыста болады және министрлікпен», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА.

Жиын барысында халық қалаулылары дәрігерлер қателігінен орын алатын жайттарды сөз етті. Тіпті, дұрыс қойылмаған диагноз бен теріс тағайындалған дәрмектің өлімге соқтырған сәт болғанды. Алайда, дәрігердің кінәсын дәлелдеу қиын. Мәжіліс депутаты Гүлнара Бижанованың пікірінше, осы тарапта жауапкерлішілікті көрсететін белгілі бар талаптар болуы қажет.

«Дәрігердің қандай жағдайда жауапты екенін көрсететін талаптар айқындалған ба? Менің сұрағым бүгінгі таңда науқастың өліміне алып келген жағдайға қатысты болып отыр. Қазіргі кезде осыған орай екі қылмыстық іс қозғалған», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар БИЖАНОВА.

Министр ақ халаттылардың мұндай әрекеттерін ақтамады. Дегенмен, нақты себептерін анықтау керек, дейді. Демек, селқостық таныту мен абайсызда жасалған әрекет екі бөлек дүние. Оны заңда да нақты көрсету көзделіп отыр екен.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан