Азиада-2018: медаль жауған күн

Азиада-2018: медаль жауған күн
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Индонезияда өтіп жатқан Азиада-2018 сайысының төртінші күні Қазақстан құрамасы үшін тағы да «алтын» медальсыз аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетсек, Индонезияда өтіп жатқан 2018 жылғы Азия ойындарының алғашқы күні қазақстандықтар алтын, күміс және екі қола медаль жеңіп алған болатын. «Алтынды» семсерлесуші Дмитрий Алексанин, «күмісті» еркін күрестен Данияр Қайсанов, дәл осындай спорт түрінен Саятбек Оқасов мен Әділет Давлумбаев қола медальдарды иеленген еді.

Азиада ойындарының екінші күні ел қоржынына «күміс» жүлде бұйырды. Оны осыған дейін хабарлағанымыздай екінші орынды әйелдер күресінен Жұлдыз Ешімова жеңіп алды. Дәл осы күні таеквондошы Фариза Алдоңғарова ел қоржынына тағы бір қола медальды алып берген.

Тартысты сайыстың үшінші күні Қазақстан қоржынына біршама медаль түсті. Дегенмен, медальдардың ішіндегі «алтыны» әлі де бұйырмай тұр. Алтыннан кейінгі күміс жүлдені кеше ұлттық құрамаға таэквондошы Жансел Дениз, балуан Алмат Кебіспаев, судағы полодан Қазақстанның әйелдер құрамасы алып берді. Ал қола медаль маунтинбайкер Кирилл Казанцев, балуандар Элмира Сыздықова мен Мейрамбек Айнағұлов, таэквондошы Руслан Жапаровқа бұйырды.

Ал бүгін Қазақстан қоржынына құрлықтағы бәсекенің 8 медалі түсті. Нақтырақ айтқанда, ауыр салмақтағы балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев күміс медаль иеленді. Ал қалған 7 қола медальді жүзуден Дмитрий Баландин, семсерлесуден Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы, тэквондошы Нұрлан Мырзабаев, балуандардан Ерұлан Ысқақов пен Азамат Қыстаубаев, ескек есуден Александр Куликов ел қоржынына салды.

Міне, осылайша Азиаданың төртінші күнін Қазақстан жалпы рейтингте 12-ші орынмен аяқтады.  


Новости партнеров