Жауапкершілік, бастамашылдық, стресске төзімділік. Кезекті "Б" корпусының аттестациясы мемлекеттік қызметкерлердің осал және басым тұстарын ашып көрсетті. Белгілі болғандай, Алматыда сынақтан өткендердің дені - халыққа жақын әрі қызметіне адал болып шықты. Маңызды емтиханның екінші кезеңінен үш жарым мың адам өткен. Ал, оның үшінші кезеңі басталды. Тақырыпты Жадыра Омаржан тарқатсын.
Мадияр Нұрмолдаев қазынашылық департаментте төлемдерді бекіту және бақылау бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді. Қызметі қиын. Өйткені, ол кімге және не үшін ақы төленетінін бақылайды. Осыған дейін, Мадияр аттестацияның барлық кезеңінен сүрінбей өткен. Тестті де оңай тапсырыпты. Бірақ әңгімелесу кезеңіне келгенде біраз қиналған. Ол емтиханға кірер алдында қобалжығанын жасырмайды.
«Негізгі жақсы деп ойлаймын өзімізге де. Өзіміз де ойымызды жинақтап,толықтырып, жұмысымызды ары қарай алдыға алып жүруге кішкене септігін тигізді деп ойлаймын. Кемшіліктерім деген кезде мен орыс тілінде тапсырдым ол жерде тестті. Кемшіліктер "Б" категориясына түсіп кетті. 1 сұрақтан. Әріптестіктен "Б" боп қалдым. Қалғандары өте жақсы "А"»,- деді Қазынашылық департамент мемлекеттік мекемелердің төлемдерін бекіту және бақылау бөлімінің бас маманы, Мадияр НҰРМОЛДАЕВ.
Қазіргі таңда, аттестацияның үшінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Ол әңгімелесу түрінде өтеді. Мемлекеттік қызметкерлер 5 сұраққа толық жауап беруі тиіс. Оны қарастыруға 20 минут уақыт беріледі. Сұрақтардың барлығы қызметшілердің атқаратын өз саласына қатысты қойылады. Жалпы, аттестацияның негізгі мақсаты оларды жұмыстан шығарып, шенінен айыру емес. Қайта жұмыстарын барынша оңтайландырып, халықпен етене байланыс орнатуға үндейді.
«Қазіргі таңда, аттестаудың 3-ші кезеңі сұхбаттасу кезеңі басталды. Екінші кезеңде тестілеуде Алматы қаласы мемлекеттік қызметкерлерінің 3400 адам тестілеуден өтті. Қазіргі мемлекеттік орындарда сұхбаттасу жүріп жатыр. Бұл аттестациялаудың негізгі мақсаты ол мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан кетіру емес. Олардың құзыретін анықтау, деңгейін құзыретін анықтау. Қай бағытта жұмыс жасау керек екендігін, қай бағытта құзыреттілікте дамыту керек екендігін»,- деді Қала бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті басқарма басшысының міндетін атқарушы, Марат ДОСЫМБЕК.
Ал, 2 күнгі әңгімелесу кезеңінен қазынашылық департаменттің 70-тен астам адамы өткен. Тапсырғандардың 95 пайызы өз қызметіне сәйкес екендігі анықталыпты. Қазір тесттен өтпеген 20-ға жуық қызметкер қалған. 7 адамнан құралған комиссия әңгімелесу кезеңінің жауаптары бірнеше күннің ішінде шығады деп отыр.
«Қойылған сұрақтар түк те қиын емес. Мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі, халықпен қарым-қатынасы бойынша қаралады. Бұл жерде уайымдаудың қажеті жоқ. Әзірге Қазынашылық департаменттің мамандары ішінде аттестациядан өтпей қалғандары тіркелмеді»,- деді Қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі, Мақсат РАХМЕТОВ.
Биыл еліміздегі 65 мың мемлекеттік қызметкер кешенді тесттен өтеді. Ал аттестациялауға басқарма басшыларынан бастап денсаулық сақтау, білім, қаржы және кірістер департаменті мен аудан әкімдерінің орынбасарлары да түгел қатысады. Емтихан кезінде кандидаттардың логикалық ойлау, басқарушы және жемқорлыққа қарсы тұру қабілеттері тексеріледі.
Жадыра Омаржан, Ильзат Акчурин, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы