Бақытжан Сағынтаев пойыз апатының тексеру жұмыстарын өз бақылауына алды. Маусымның соңына дейін апатқа кінәлілер анықталуы тиіс,-деді премьер-министр. Апатта қаза тапқан баланың отбасына 2 млн теңгеден астам, ал түрлі деңгейде жарақат алған жолаушыларға «Қазақстан темір жолы» компаниясы миллион теңгеге дейін өтемақы төлейді.
Бүгінгі жиын Шуда апатқа ұшыраған № 9 пойыздың мәселесінен басталды. Премьер-министр жауаптылардың бірін қалдырмай жинады. Қайғылы жағдайда көз жұмған баланың ата-анасына көңіл айтып, Қазақстан темір жолы басшылығы мен Қарағанды облысы әкімшілігіне қажетті көмек көрсетілсін деді. Үкімет басшысы қайғылы оқиғаны тексеретін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті. Әрі бұл мәселе жеке бақылауында болмақ.
«Ішкі істер министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп вагондардың жолдан шығып кету себептерін мұқият тексерсін. Бұл оқиғаның тексеру барысын жеке өз бақылауыма аламын»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Апатта көз жұмған жасөспірімнің отбасына көрсетілетін жәрдемнің көлемі де белгілі болды. «Қазақстан темір жолы» компаниясы өз мойнына алған жауапкершілік мың айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады. Яғни, заңға сәйкес 2 млн 405 мың теңге төлемек. Бұдан бөлек түрлі деңгейде жарақат алғандарға да 500 мыңнан бастап 1 миллион теңгеге дейін қаржылай көмек жасалады. Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қайғылы жағдайдың себебін анықтау жеделтетіліп, маусымның соңына дейін жалғасады деді. Әрі «Астана -Бәйтерек» пойызы машинисінің қамауға алынғаны туралы ақпардың шындыққа жанаспайтыны жеткізді. Мұны Ішкі Істер министрлігі де растады. Тексеру барынша, ашық және әділ болады -дейді Роман Скляр.
«Ешкім тұтқындалған жоқ. Біз жағдайды дұрыс анықтау үшін Көлік комитеті төрағасын жібердік. Бұқаралық ақпарат құралдары жағдайды қатты қадағалап отыр. Сондықтан тиістілер жауапқа тартылады»,-деді ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман СКЛЯР.
Жиыннан тыс Жеңіс Қасымбектің орынбасарына сұрақ жаудырған журналистер темір жол рельстері мен аударылған пойыз вагондарының сапасы жайын сұрады. Оның айтуынша, шойын жолдар жоспарлы түрде маусымның 6 күні жіті тексеруден өткен. Ешқандай олқы тұстар анықталмаған. «Қазақстан темір жолы» басшылығы бұдан бөлек, апатқа жүк пойызының еш қатысы жоқ деген пікір білдірді. Мұны Роман Скляр да растады.
«Пойыз вагондары 2012-2014 жылдары шығарылған. Техникалық жағдайға орай, регламентте қайта жөндеу жұмыстары аралығын созуға болады. 25-30 жыл емін-еркін қолданылады. Егер техникалық жағдай сай келсе. Бұрын соңды болмаған жағдай. Вагондар түзу жолда емес, бұрылыстарда аударылуы мүмкін. Жағдайды арнайы мамандармен анықтаймыз»,-деді ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман СКЛЯР.
Еске сала кетейік, маусымның 17 күні Жамбыл облысы, «Сарышаған-Шу» аумағында Астана-Алматы бағыты бойынша қозғалған № 9 «Бәйтерек» пойызының 8 вагоны жолдан шығып, 23 адам зардап шеккен болатын. 2006 жылы туылған 12 жастағы жеткіншек қаза тауып, 3 адам жарақат алды. Яғни, аяғы сынған бір азаматқа дереу ота жасалған. Қалған жолаушыларға Алматы-1 бекетінде жедел түрде көмек көрсетілді. Бейресми ақпараттар бойынша машинист қисайған шойын жолды байқап, пойызды тез тоқтатуға ұмтылған. Нәтижесінде вогандар рельстен шыққан. Десе, де арнайы комиссия маусымның соңына дейін мән-жайдың анық-қанығын айтуылары керек.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, Алматы телеарнасы, Астанадан.