Бағлан Майлыбаев бес жылға бас бостандығынан айырылды

01.07.2017 15:56

Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, Николай Галихинге де сот үкімі шықты. Астана қаласының №2 Есіл аудандық соты ағымдағы жылдың 13 маусымында Майлыбаев пен Галихинге қатысты қылмыстық істі қарап, оларды ҚР ҚК-нің 361 бабының 1 бөлігі және 185бабының 3 бөлігі бойынша кінәлі деп тапты. Сот үкімі бойынша Майлыбаев бес жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Галихинды 4 жылға бас бостандығынан айырып, 3 жыл мемлекетте қызмет етуге шектеу қойылды. Оған қоса, ел президентіне сотталғандарды мемлекеттік сыйлықтан айыру туралы ұсыныс жасалды. Үкім заңды күшіне енді. Сот отырысы жабық түрде өтті.

Есте болса, Бағлан Майлыбаев 16 қаңтарда қамауға алынған еді. Оны ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185 бабы 1, 3 тарауында көзделген яғни, мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету қылмыстарды жасады деген күдікпен ұстаған еді. Сондай-ақ мемлекеттік құпияны жариялады деген күдікпен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері Николай Галихин ұсталған болатын.