Бахрейнге барып, із-түссіз кеткен отандасымыздан әлі күнге хабар жоқ. Жоғалған қыздың ата-анасы еліміздің сыртқы істер министрлігіне хабарласып, көмек сұраған. Алайда, ведомство әлі күнге жауап қатпапты. Тагина Хайметованың анасы қызының хабарласпағанын айтады. Осы тұста, азаматтарды шетелде жұмысқа орналастыратын компаниялар өзге елге жөн-жосықсыз бару қауіпті деп отыр.
Оқта-текте шетелге аттанып, содан із-түссіз кеткен қыздың анасы Тагинадан әлі еш хабар жоқ екендігін айтып отыр. Соңғы рет ол Бахрейнде екендігі жайлы айтып, үй қызметшісі болып жұмыс істеуге кіріскелі жатқанын жеткізген. Жұмысқа барамын деп анасын алдап, үйден шығып кеткен қызын іздеп Матлюба Ханжанова сыртқы істер министрлігіне барыпты. Әзірге олар ләм-лим деп үн қатпаған.
«МИД-қа бардым. Целый день жүрмін. Қызым шығып тұрған. Сол жұмыс істеп жатырм дегеннен кейін, паспортың өзіңде ме деп сұрадым. Иә деп көрсетті. Болды қайтып связьға шыққан жоқ. Телефонда өшік. Ватсапта да ештеңеден жазбайды. Жоқ»,- деді Тагина Хайметованың анасы, Матлюба ХАНЖАНОВА.
Алматыда шетелге жұмыс істеуге жіберетін компаниялар тек заңды түрде баруға кеңес береді. Оның еш қиындығы жоқ дейді. Тиісті құжаттардың тізімі де көп емес екен. Ал өз еркімен жұмыс іздейтіндер - сақтандырылмайды.
«Менің ойымша, компаниялар арқылы бару керек. Өйткені, ол 100 пайыз қауіпсіздік адамның. Ең басты ол қауіпсіздік. Басты байлық ол өмірі болып саналады. Сондықтан да қауіпсіздік болуы керек. Егер де адам өз еркімен жұмыс тауып баратын болса, әрине ол жұмыс табуы мүмкін. Баруы мүмкін. Біріншіден, адамға ол қымбат болады. Ешкім оған 100 пайыз ешкім яғни кепілдік бере алмайды»,- деді Агенттік директоры, Айнұр СМАҒҰЛОВА.
Есте болса, Астанада 29-ші шілде күні Тагина Хайметова үйінен шығып кетіп, содан оралмаған. Кейін анасы оның Бахрейнге ұшып кеткенін біліпті. Ол бұл әрекетін жоғарғы оқу орнына түсемін деп ірі көлемде алған несиесін өтеуге барғанымен түсіндіріп, хат қалдырған екен.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы