«Open Almaty» орталығы Премьер-министрдің көңілінен шықты

25.10.2017 21:12

Алматыға жұмыс сапарымен Бақытжан Сағынтаев келді. Премьер-министр шаһарда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу қарқынымен танысты. Бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, өндірістік кәсіпорындардың жұмысын өз көзімен көрді. Әрі, қаланың көлік жүйесін дамыту жоспарларын жіті назарға алды.¤¤

Үкімет басшысы ат басын тіреген нысанның бірі - «Open Almaty» орталығы. Мұнда әр саланың мамандары тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдап қана қоймай, өз кәсібін бастауға ниеттенген азаматтарға да кеңес береді. Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау орталығы қыркүйекте ашылған еді. Содан бері 1700-ге жуық адамның мәселесін қарастырып үлгеріпті. Тұрғындар түйткілін шешу үшін түрлі басқарманың табалдырығын тоздырмайды. Барлық қызмет бір орыннан көрсетіледі. Мұндай жаңашылдық, Сағынтаевтың көңілінен шықты.¤

«Қазіргі таңда бізде 31-ге жуық маман жұмыс істейді. 2018 жылдан бастап,  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» және «Даму» қорының мамандарын отырғызсақ деген ойдамыз. Сонымен қатар, 30-ға жуық басқарманың шағымдарына байланысты қызметкерлерді отырғызу да жоспарымызда бар», - деді «OPEN ALMATY» орталығы басшысы операциялық залының жетекшісі ¤Нұрлан ЖАЙЛАУБАЙ.

Бақытжан Сағынтаев бас сұққан келесі ғимарат – репродуктивті медицина Институыныӊ жаңадан ашылған "ЭКО" орталығы. Мұндағы ақ халаттылар, Үкімет басшысына бедеулікті емдейтін соӊғы технологияларын көрсетті. Заманауи қондырғылармен жабдықталған емхана, әлемдік талаптарға сай. Соның арқасында, клиника Алматыда медициналық туризмнің дамуына ықпал етуде. Биыл орталықтан жергілікті әкімдік қаражаты есебінен 300 алматылық отбасы тиісті медициналық көмек алды және тағы шамамен 700 адам кезекте тұр екен.

«Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан өте көп адамдар келеді. Соларға да көмектесіп, екіқабат қыламыз. Бізге Канададан, Қытайдан және Америкадан, Германиядан өте көп келеді. Себебі, оның біздің бағамызға сәйкес әлемдік стандарттармен жұмыс жасайтынымызды өте жоғары дәлелдейді. Ешқандай айырмашылық жоқ, бағасы төмен болғаннан кейін олар әрине бізді таңдап отыр», - деді Репродукциялық медицина институтының репродуктолог дәрігері Ләззат ЖАНБАБАЕВА.

Бұдан бөлек, Премьер-министр мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жүзеге асқан қаладағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Қатарда, жылына 120 тонна өнім беруге қауқары бар «ЭФКО» май зауыты да бар. Кәсіпорын Индустрияландыру картасы аясында 11 миллиард теңгеге жаңартылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Нәтижесінде 800-ге жуық адам екі қолға бір күрек тауыпты. Қазір зауыт шығарған өнімдердің 60 пайызы отандық нарықта саудаланса, қалған 30-ы алыс-жақын шетелге экспортталуда.

«Өткен жылы 110 мың тонна өнім шығарып, одан 33 млрд теңгеден астам пайда көрдік. Қаржының 1 млрд теңгеден астамы салыққа түсті. Ал, биылғы жылдың 9 айының ішінде былтырғы көрсеткіштен 20 пайызға асық», - деді «ЭФКО АЛМАТЫ» жшс директоры Нұрлан ҚОЖАМҰРАТОВ.

Бақытжан Сағынтаевқа жергілікті атқамінерлер биылғы жылы қаланың көлік жүйесін дамыту үшін әрі шаһарды көріктендіру бағытында жасалған жұмыстарды да көрсетті. Жаяу жүргіншілер үшін қайта жасақталған Панфилов пен Жібек жолы көшелері, сондай-ақ, Арбат пен Астана алаңы қала ажарын аша түскен. Үкімет басшысы жауаптыларға осы қарқыннан таймай жұмыс істеуді тапсырды. Бастысы, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді, әрі өз ретімен жүзеге асырылуын назарға алуды жүктеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, Арсен Сандыбаев, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы