«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй көлемі биыл да бәсеңдемеуі тиіс. Үкіметте өткен жиында премьер-министр осыны қатаң тапсырды. Әрі, жергілікті билік өкілдерінің баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарын сынға алды. Сонымен қатар, әуе компанияларының мәселесі сөз болды. Ал, министр Жеңіс Қасымбек алдағы уақытта әуе кеңістігін бақылауда ұстайтын ұлттық компания құрылатынын мәлімдеді.
Бұл жолғы бас қосуда Үкімет басшысы халықты толғандыратын баспана мәселесіне тоқталуды жөн санады. Дөңгелек стөл жиегін жағалай жайғасқан шенділер ішінен Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс 111 пайызды құрады деп көсілді. Айтқандай-ақ 2017 жылы еліміз бойынша, 11 млн шаршы метрден астам үй салынып, қолданысқа берілген. Құйылған қаржы көлемі 980 млрд теңгеге жуықтаса, жеке инвестор қаржысы 825 млрд теңгеден асады. Демек, 2016 жылға қарағанда 18 пайызға артық сома жұмсалған. Премьер-министр осы қарқынды биыл да сақтау керектігін ескертті.
«Әкімдер өз жұмысына жауапкершілікпен қарамай отыр. Тұрғын үйлерді үлестіру барысында өткен жылдары түрлі олқылықтар орын алды. Оған халық емес, мемлекеттік органдар жауапты. Кез келген тұрғын үй уақытылы берілуі тиіс. Сондықтан, биыл біз мұндай қателіктерге жол бермейміз», - деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
«Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысында биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз салымшыларын несиелеуге 50 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсамақ. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында 7 мың 462 пәтер қолданысқа берілген.
«Біздің банк 2017 жыл бойынша 275 млрд теңге біздің салымшыларды банк алып келді. 728 қарыз берілді. Оның ішіде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 4549 банк салымшысы баспаналы болды. Олардың ішінде 1051 адам тұрғын үй қарыз алды. Яғни олар 50 пайызды көлемдегі жарнаны жинап пәтер сатып алды өздері», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат ИБРАГИМОВА.
Жеңіс Қасымбек әуе кеңістігінің ахуалында айтып қалды. Біраз шетелдік әуе компаниялары елімізге қатынауды тоқтатқан. Бірақ, «жаңа жылдан бастап көтерілген тарифтің оған еш қатысы жоқ», - деді министр. «KLM» компаниясы мен Австралияның әуе жолдары экономикалық жағдайға орай біздің елге ұшпайтын болған. Отандық компаниялар болса белгіленген тарифке 50 пайыз жеңілдік алады екен. Сонымен қатар, сала мәселесі сөз етілген соң азаматтық авиацияда болған апаттық жағдайлар да айтылмай қалмады. Есте болса, өткен жылы әуе кеңістігінде 5-ке жуық қайғылы оқиға тіркелген болатын. 11 адам мерт болды. Мұндай жағдайдың алдын-алып, қауіпсіздік шарасын қадағалау мақсатында ұлттық компания құру көзделген.
«Біз британия елінің моделін енгізу бойынша жаңа бағыт ойлап таптық. Заңға өзгеріс енгізу арқылы, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде азаматтық авиацияға бақылау-қадағалау жүргізу қызметі құрылымын ұлттық компания ретінде ашу арқылы іске асырмақпыз. Ол тікелей министрлікке бағынышты болады», - деді ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Отырыста Ішкі істер министрі де ойлап тапқан жаңашылдықтарымен бөлісті. Енді әрі ел тұрғындары учаскелік полицейлермен онлайн жүйесі арқылы байланысқа шыға алады. Бұл өз кезегінде қылмыс болған жерге жедел жетуге көмегін тигізбек.
«Ғаламтор алаңын жасау қолға алынады. Әр тұрғын онлайн жүйесінде жасаған шағымның қаншалықты қанағаттандарылып отырғанын бақылай алады. Сонымен қатар, өз ауданындағы түрлі қылымстық істерді жеткізіп отыруға мүмкіндік алады», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.
Шендік-шекпенділерді түгел жинаған Үкімет басшысы Елбасы жолдауындағы әр бағытта айтылған тапсырмалардың орындалуы мен жүзеге асуын тиісті министрлерге тапсырды. Ал, атқарылатын шаруалардың барлығы тікелей Үкіметтің қадағалауында болады.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, АТ Астанадан