Бақытжан Сағынтаев "КазАвтоЖол" компаниясының жұмысына сын айтты

03.07.2018 22:38

«ҚазАвтоЖол» компаниясы өзіне тиесілі міндетті ойдағыдай атқара алмай келеді. Премьер-министр компания басшысы жасаған баяндаманы сынап тастады. Сағынтаев, жол бойында қызмет сапасын арттыру бағытында атқарылып отырған істе нәтиже жоқ,-деді. Ал Ұлттық экономика министрі қанттың қымбаттауына қатысты пікір білдірді.

Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған шаралар жиілеген сайын мінбердегілердің де дегбірі кетті. Үкіметте өтетін әдеттегі жиын бар жоғы бір жарым сағатқа қана созылды. Премьер-министр күн тәртібі бойынша тек екі мәселені қарастырды. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының басшысы жасаған есепке премьердің көңілі толған жоқ. Керісінше, қатаң сынға алды. Жолаушылардың қолданысына берілетін жол бойындағы бір типтік кешендердің құрылысы әлі бітпеген әрі стандарттар бұзылған.  Жергілікті әкімдіктер өз бетімен жұмыс жасап келеді,-деді.

«Сіз аяқтағанға дейін өзінің түсінігінше соғып тастады. Жолдың бойында бос жер жоқ. Міне 42 деп отыр.40 уже дайындап қойды. Іскер әкім Қырымбекұлы сізге қарап отырған жоқ. Қашан жасап береді деп. Өзінің шаруасын жасап жатыр. Сіз шетелге шығып жүрсіз ғой. Жолдың бойын көріп жүрсіз қандай болатынын.Сіздің көрсетіп отырғаныңыз сіздің жұмысыңыз емес. Әкімдердің жасаған жұмысын көрсетіп отырсыздар»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Келесі кезек Ұлттық экономика министріне берілді. Ол қанттың қымбаттауына қатысты пікір білдіріп, өзгеріс мезгілдік сұранысқа орай туындап отырғанын жеткізді. Бағаны ауыздықтау мұндай кезде мүмкін емес, - дейді. Айта кетейік, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында қантты кіргізуге бағытталған жеңілдіктерді алып тастау идеясын қолдамаған болатын.

«Біз жан-жақты қызығушылықты бақылап отырмыз. Демек қант шығарушы кәсіп иелері мен оны арзанға алуға деген сұраныс көп. Мезгілдік өзгерістерге қарсы тұра алмаймыз. Бұл сұранысқа байланысты»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Елімізде инфляция деңгейі 6 пайызға төмендеді. Азық-түлік бойынша құнсыздану минус 0,1 пайызды құраған. Тимур Сүлейменов жақсы көрсеткіштерді әрі қарай ұлғайтып, келер жылға дейін 4,6 пайызға жеткізуге уәде берді. Қазіргі уақытта негізгі макроэкономикалық  индикатор бойынша ағымдағы жылдың ұстанымы 5-7 пайыз деңгейінде. Сол көрсеткіш сақталып келеді.

«Үкімет пен министрлік біріге осы деңгейді сақтауға бар күшті жұмсаймыз. Бұл біраз дүниге әсерін тигізеді. Оның ішінде халықтың әл-ауқаты мен табысы маңызды. Бұл Елбасы берген тапсырма. Сондықтан азық-түлік және тағамға жатпайтын инфляцияның деңгейін түсіру, тариф пен табиғи монополиялар салымын қадағалу біздің назарда»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Үкімет басшысы «Астананың 20 жылдық» мерейтойын назардан тыс қалдырмады. Бас қала - еліміздің мызғымас тірегіне айналғанын атап өтті. Бүкіл халықтың бақытты өмірге талпынысы мен үмітіне айналған қалаға салынған қаржы үш есе ақталды,-деді.

«Аяулы Астанамыздың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Астана күні бір ғана қаланың мейрамы емес. Бүкіл ел болып атап өтетін жалпы халықтық мереке. Себебі, қазақ елі Тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана