Барак Обама АҚШ президенті ретінде соңғы сөзін айтты

12.01.2017 16:27

Хабар соңында жаһаннан аз-кем ақпар. Барак Обама америкалықтарға АҚШ президенті ретінде соңғы сөзін айтты. Ол Чикагода өткен арнайы шарада сөз сөйлеп, республикашылдар партиясы атынан сайланған Дональд Трамптың жеңісіне қуанбаған өзінің жақтастарын жабырқамауға, әрі  Американың болашағына зор сеніммен қарауға шақырды. Жиында, Обаманы қимастықпен шығарып салғандар көп болды. Өйткені, ол АҚШ президентінің орынтағында 8 жылын өткізді.


«Құрметті америкалықтар! Мишель екеуіміз соңғы апталарда сіздерден келіп жатқан жылы лебіздеріңіз бен тілектеріңізден ерекше әсер алудамыз. Міне, енді менің сіздерге алғыс білдіретін күнім. Мен сіздерді елдің жарқын болашағына сенуге шақырамын»,- деді АҚШ президенті, Барак ОБАМА.  


Президенттің халықпен қоштасуына әйелі Мишель, вице-президент Джо Байден, сондай-ақ, оның көптеген бұрынғы және қазіргі қызметкерлері қатысты. Айта кетсек, Барак Обаманың өкілеттік мерзімі 20 қаңтарда аяқталады. Бұл күні жаңадан сайланған президент Дональда Трампты ұлықтау рәсімі өтеді. Ол қазірдің өзінде сайлаудан бұрын берген уәдесін, яғни Обаманың бастамаларының бірқатарын алып тастауды ойластыруда.