Бауыржан Байбек жаңа заманауи орталықтандырылған зертхананың жұмысын тексерді

18.06.2018 23:34

Алматыдағы Жекенова атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының ішінен заманауи орталықтандырылған зертхана ашылды. Онда молекулярлы-генетикалық, иммуноферментті және иммуннохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ паразитологиялық, микробиологиялық, биохимиялық және жалпыклиникалық тексерістер жасалады. Ең соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталған зертхананың жұмысын қала әкімі Бауыржан Байбек тексеріп көрді. Мұндағы аппараттар биохимиялық тестілер арқылы микроорганизмдердің антибиотиктерге сезімталдығын бірден анықтайды. Дәрігерлердің айтуынша, бұрын мұндай зерттеулердің барлығын дерлік қолмен жасаған екен. Ал, науқастар сараптама нәтижесін қолдарына тек үш күннен кейін алған. Енді заманауи құрылғылар ақ халаттылар мен науқастардың да уақытын тиімді үнемдеп, талдамаларды 24 сағат ішінде дайындайды.

«Талдама нәтижесі өте жылдам дайын болады. Бір мезгілде 240 сынаққа дейін зерттеу жүргізіп, 180 сынама алуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар жақсы жабдықталған ПЦР зертханасы бар. Онда биорат жабдығы және арнайы бокстар қойылған. Ол құрылғылар да қызметкерлердің қолын жеңілдетеді»,-деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айгүл ӘБДІРАХМАНОВА.

Орталықтағы зерттеудің басым бөлігін құрылғылар жүргізеді. Олар тіпті аса қауіпті ауруларды ерте сатыларда анықтайды. Және зерттеудің нәтижесін бірнеше минутта дайын етеді. Дегенмен, зертханада 40 маман жұмыс істейді. Ал, орталықтың аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Айта кетейік, жаңа нысанда бір жылда 500 мыңға дейін зертханалық зерттеулер жүргізілмек.