|
21.02.2018 | 21:35
2677

Бауыржан Байбек: орта және шағын бизнес жалпы өңірлік өнімнің 34 пайызын құрайды

Бауыржан Байбек: орта және шағын бизнес жалпы өңірлік өнімнің 34 пайызын құрайды

Алып шаһарда ақша айналымы арта түсті. Көлеңкелі экономикадан триллиондаған сомма шығарылды. Есесіне, салықтық түсім де артып, қала қазынасы қампаюда. Алматының экономикасы дамуы үшін ондаған компания ашылмақ, ал қаланың дамуына бағытталған 50 жоба жүзеге аспақ. Бұл туралы шаһар басшысы Бауыржан Байбектің тұрғындармен есептік кездесуінде мәлім болды. Қаланың экономикалық қуаты қандай?

Алматылықтардың алдында есеп берген қала әкімі Бауыржан Байбек оңтүстік астананың өзге өңірлерден көші озық, деді. Алып шаһардың  өткен жылы еңсерген жұмыстарын жұрттың есіне салып,  биылдыққа бағытталған басты жобаларды тізіп шықты. Үш сағатқа созылған жиында қамтылмаған мәселе жоқ. Тәуелсіз ел болғалы, Алматы үнемі алда болып, сол уақыттан бері қаланың экономикалық өсімі 100 есеге артқан.  Қалалық тұрғын үй қоры екі есеге, жеке көлік саны 10 есеге көбейген. Инфрақұрылыммен қоса, жалақы да өсу жағынан жаңылмай, 20 есеге артыпты. Осындай тұрақты дамудың арқасында Алматының ел қазынасына түсеретін қаржысы да әлде қайда қомақты. 

«Бүгінде Алматыға ел экономикасының 5-тен 1 бөлігі, ал республикалық бюджеттің 4-ші бөлігі тиесілі. Қала экономикасындағы мемлекеттің үлесі 5 пайыздан аспайды. Орта және шағын бизнес жалпы өңірлік өнімнің 34 пайызын құрайды. Яғни, бұл мұнайлы емес тұрақты экономика», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматылықтардың басым бөлігі-кәсіп көзі арқылы нәпақасын тауып келеді. Мәселен, жұмыс істейтін 10 адамның 7-уі осы шағын және орта бизнес саласында еңбек етуде. Өйткені, еліміздегі барлық бірлескен кәсіпорынның 40 пайызы Алматыда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 4 миллиард 5 миллион теңге бөлініп, 247 жоба мақұлданған. Соммасы 4 миллиард теңгеден асатын 141 жобаға қаржылық қолдау көрсетілген еді. Сондай-ақ өнім шығаратын 20 компанияға субсидия берілген. Соның арқасында тауар құны нарықтық бағадан 15 есеге арзан. Мемлекеттің мұндай шарапатын индустриалды аймақта өз ісін ашқан кәсіпкерлері көруде. Бүгінде аталған аймақта 41 компания жұмыс істеп жатыр. Биыл олардың қатарын тағы да 12 кәсіпорын толықтарады.  Ал мүлікті заңдастыру -көлеңкелі экономикадан қыруар қаржы шығарса, мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі- жергілікті бюджетті үнемдеуге  сеп болуда.  

«Мемлекеттік жекеменшік серіктестіктің аясында былтыр 5 контрактіге жеке инвесторлар есебінен 6 миллиард теңге тартылған еді. Дәл осындай серіктестіктің арқасында Алматыда 220 балабақша мен 7,2 мыңдық орыны бар шағын орталық ашылған. Бұл бюджеттің 14 миллиард теңгесін үнемдеді. Соңғы жылдары көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.  Елбасының тапсырмасымен ауқымды түрде заңдастыру шарасы өтті. Нәтижесінде, 2016 жылы Алматы экономикасына 3, 9 триллион теңгенің мүлкі шығарылды. Бұл бізге жыл сайын 100 миллиард теңге салық береді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Мүліктен бөлек, былтыр  жұмыспен қамту саласын заңдастыру шарасы да өз жемісін беруде. Мәселен, бұған дейін жалақыны  конверт арқылы алып келген 1,5 мыңға жуық жалдамалы жұмысшылар еңбек шартына отырып, әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларына енді. Сондай-ақ пәтерін жалға берген, жекелей адам тасымалымен және бала оқытумен айналысып келген 22 мыңға жуық адам тіркеліп, салық төлей бастаған. Бас-аяғы қаланың жұмыспен қамту базасында 235 мың адамның әлеуметтік статусы өзгерді. Айта кетерлігі, бүгінде Алматыда 14 мың адам өзінің жұмыс істейтіндігі жөнінде еш жерде тіркелмеген екен. Егер олардың шын мәнінде екі қолға бір күрек таппай жүргені нақтыланса,тиісті көмек те көрсетіледі. Енді жұмыссыздық мәселесін сандық форматта шешуге болатындығын баса айтты шаһар басшысы.

«Бір терезе» жүйесі арқылы енді  еңбек биржасына шығуға болады. Онда электронды түрде 35 мың бос жұмыс орны тіркелген. Сондай-ақ аталған жүйе арқылы бала күтіміне байланысты төлемдерді электронды түрде ресімдеп, еңбек қатынасын заңдастыруға болады. Жалпы, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында былтыр 45 мың жұмыс орны құрылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Ал биыл Алматыда «Жол картасы бағдарламасы аясында 32 мың адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Салаларды сандық форматқа көшіру демекші, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу, бармақ басты көз қыстыға жол бермейді. Уақытты үнемдеп, сала мамандарының жұмысына баға берудің жаңа әдісі енбек.  Былтыр ашылған «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығына күніне кем дегенде 100 адам қоңырау шалып кеңес сұраса, орталықтың өзіне 50 адам барады екен. Енді алдағы уақытта Алматыда  50 жоба қолға алынбақ.

«Бүгінде Алматының дамуы үшін 50 драйвер жоба әзірленген. Бұл қаланың экономикасын арттыру мен Алматының ыңғайлы қала болуы үшін жасалып жатыр. Көлік инфрақұрылымы салысында-20, цифрландыру мен ақылды технология-16, спорт пен энергетика-12, денсаулық сақтау-10 пайызын қамтитын болады. Бұл 50 жоба 1 триллион теңгеден астам қалаға инвестиция тартуға сеп болмақ, сондай-ақ 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады», - деді  Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

 Әкім қала кептелісіне қатысы мәселені де айналып өтпеді. Айтуынша, Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы  биыл қалмай қарқын алады.  Сондай-ақ осы жылы  Абай көшесін созу жұмыстары да қолға алынбақ. Соңғы 10 жылда 130 жолайрығы пайдалануға берілген.

«Алматы экономикасы кептелістердің кесірінен 600 млн теңге немесе 2 млн доллар жоғалтып отыр. Осы жылы жазда  «Falkon Eurobus» компаниясы электробус шығару бойынша зауыт құрылысын бастамақ. Бұл заманауи көліктер Еуропада да жоқ. Мұндай электробустар шетелге экспортталатын болады. Сонымен қатар, биыл БРТ жолының 8,7 шақырымдық бірінші кезегін бастадық. 22 шақырым болатын толық дәліз 2020 жылы аяқталатын болады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеңіл рельсті көлік желісі салынады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қала әкімі барлық саланы қамтығаннан кейін, қоғамдық кеңестің де атқарар шаруасы екі еселенбек.  Биылдыққа бағытталған жоспарларды біртіндеп саралайтын боламыз, дейді мәслихат депутаты Рахман Алшанов.

«Алдағы уақытта қоғамдық кеңестің біраз ой туды. Күнтізбемізде тұрған сұрақтарды реттейміз деп ойлаймыз. Алматы бірінші болуы керек қой жан-жақтан. Жоғары технологиялы компания құру керек. Жұмыс орындарын аш деп жатыр ғой? Қайда? Үлкен ой айтылды. Енді ЖОО бар, ғылыми зерттеу орталықтары бар солармен ақылдаса отырып, осы орталықты салмақшымыз», - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.

Сондай-ақ биыл «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің атауы «Алматы» инновациялық паркі деп өзгертілмек. Ал бұған дейін көрсетілген мемлекет тарапының жеңілдіктер толықтай сақталады. Бизнестен бөлек, әлеуметтік саланың маңызды мәселелерін шешу үшін әдеттегідей қалаға қарастырылған бюджетінің басым бөлігі, яғни, 143 миллиард теңге жұмсалмақ.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир