Алматының ең үздік 30 дәрігері қала әкімінің алғыс хатына ие болды

16.06.2018 03:45

Алматының ең үздік 30 дәрігері қала әкімінің алғыс хатына ие болды. Бүгін шаһар басшысы Бауыржан Байбек медицина қызметкерлерін кәсіби мереке қарсаңында құттықтап, марапаттарын тапсырды. Қазір Алматыдағы 80 емдеу мекемесінде 30 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Олар тәулігіне 140 мыңнан астам науқасқа көмек көрсетеді. Соңғы 5 жылда қалалық денсаулық сақтау саласының бюджеті 60 пайызға артып, 94 млрд. теңгеге жеткен. Тұрғындарға тегін кепілді медициналық көмек көрсету жолға қойылған. Жалпы, алматылық ақ халаттылардың денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері аз емес. Өлім көрсеткіші 14 пайызға төмендеп, бала өлімі 33 пайызға азайған. Тек былтырдың өзінде 5 жаңа медициналық мекеме қалалықтардың игілігіне пайдалануға берілген.

«Біздің қоғамда дәрігердің қызметі қашанда мәртебелі, қарапайым халық үшін орны бөлек жандар. Сіздер жас пен кәріге адамзаттың бәріне алғашқы көмек қолын созып, үзілген үміттерді қайта жалғайсыздар. Дүниеге келген әр сәбидің шырылы, жанына дауа іздеген әр жанның саулығы, ажал аузынан қалған әр жаңа өмір - Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алдағы уақытта қалада медициналық қызмет сапасын арттыру, «электрондық медицина» жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Сондай-ақ ана мен бала денсаулығын сақтауды күшейту де мықтап қолға алынбақ. Бұл туралы қала әкімі айтты. Сыздаған жүректерді сауықтырып, үзілген үмітті жалғайтын ақ халаттылардың кәсіби мерекесі Алматыда ешқашан назардан тыс қалған емес. Жыл сайын өтетін шараға денсаулық сақтау саласының қызметкерлері әдеттегідей тай-тұяғы қалмай жиналды. Олар үшін концерт ұйымдастырылды. Тіпті, ақ халаттылар да өз өнерлерін ортаға салды.

"Үлкен рахмет айтқымыз келеді. Ол біздің кәсіби біліктілігімізді мойындаған сөз. Біздің еңбегімізді, барлықтарымыздың бірлігімізді бағалаған деген сөз. Сондықтан, осындай құттықтау арқасында біз өзіміздің кәсіби мерекемізде біздерді бөліп айтқан кезде әрбір медициналық қызметкердің беделі өсіп қалады»,-деді И.жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара ӨТЕГЕНОВА.