Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қазақстандағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелерді талқылады. Ресей еліміздің тұрақты экономикалық серіктесі болып табылады. Соңғы кездері Алматы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 22 пайызға артқан. Алматы әкімдігі мен Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан мэриялары бірнеше бағыттар бойынша ынтымақтасып жұмыс істеуде. Қалада ресейлік капиталмен 2 мыңнан астам кәсіпорын сауда, қаржы, медицина, өнеркәсіп және басқа салаларда жұмыс істейді. Қазіргі кезде Индустриалды аймақта кабель өткізгіш өнімдер шығаратын ресейлік «KMK Investment» зауыты салынып жатыр. Кездесу барысында Ресей Федерациясының Елшісі екі ел арасында сенім мен достық қатынастың қалыптасқандығын атап өтті.
«Бүгінгі күні ЕАЭС аясында біріккен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар екі жақты туризмді дамытуда, білім бағдарламаларының аясын кеңейтуде өзара үндестік кең қанат жаюда. Орта Азиядағы ең ірі қала ретінде Алматы түрлі халықаралық форумдарды, конференциялар мен фестивальдерді өткізуде. Шараларға Ресей делегациясы белсенді қатысты. Жақын күндері ғана Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының сыртқы істер министрлерінің саммиті, Еуразиялық медиа форум өтті. Осының барлығы мәдени және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді»,-деді Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының төтенше және өкілетті елшісі Алексей БОРОДАВКИН.