Алматы әкімі Абылай хан даңғылындағы құрылыс жұмысының сапасына сын айтты

13.09.2018 22:40

Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың жүргінші инфрақұрылымын жаңартудағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын тексерді.

Мегаполис басшысы қаланың бірқатар даңғылдары мен көшелерін аралап шығып, мердігерлік ұйымдар басшыларына нақтылы ескертулер жасады. Қатаң сынға Абылай хан даңғылына жөндеу жұмыстарын жасап жатқан компания ілікті. Әкімнің айтуынша, олар құрылыс уақытын кешіктіргенімен қоймай, кеспетастарды да сапасыз төсепті. Олқылықты жөндеуге Бауыржан Байбек бір ай уақыт берді. Әйтпесе, жауапты компания «қара тізімге» енеді.

Көліктер мен жүргіншілердің жүріп-тұруына да жағдай жасалмаған. Әкім жауаптылардың назарын бордюрдан биік төселген газонға аударды. Ал қалалық құрылыс басқармасы ісіне салғырт қарағандарға ескерту жасалғанын айтты.

Жоба толық аяқталып, қабылданып алғаннан кейін ғана жұмыс ақысы төленетінін де жеткізді. Есте болса, бұған дейін Бауыржан Байбек Республика сарайы алдындағы Абай алаңына төселген кеспетастарды қайта жөндеуді тапсырған болатын.