Алматыда көлік ағыны азаяды

21.02.2017 00:21

Алматыда көлік ағыны азаяды. Шаһар әкімдігі осы жылы қоғамдық көліктерге бөлінген арнайы жолақ санын көбейтпек. Сондай-ақ, троллейбус желілерін  ұзартады. Ол үшін қазынадан 5 жарым млрд теңге бөлінгелі жатыр. Бұл туралы қала басшысы Бауыржан Байбек халыққа есеп беру жиынында айтты. Алматылықтар жаппай ағылған отырыста тұрғын үй түйткілі, әлеуметтік нысандардың жайы, жұмыссыздықты жою сынды бұқараны мазалап келген мәселелер көтерілді. Дастан Сейілханұлы солардың негізгілерін жіпке тізсін.

Жолынан көлігі үзілмейтін Алматыда - тас жолдар түбегейлі түрленеді енді. Жуырда қос бірдей жол айрығы салына бастайды. «Алтын Орда» маңындағы тар жол кеңейіп, ондағы кептеліс сейіледі. Қоғамдық көліктерге бөлінген арнайы жолақтардың саны да арта түспек. Қазір Алматыда олардың алтауы бар. Одан бөлек, троллейбус желілері ұзарады. Ауқымды жобаға 5 жарым млрд теңге бөлу көзделген. Есесіне, трамвайлардың жоқтығы сезілмейді. Ал, жұрт сарыла күткен қос бірдей метро стансасы 2020 жылы нақты қолданысқа берілмек. 

«Биыл жеңіл рельсті көліктермен айналысатын компаниялар арасында байқау өткізіледі. Қоғамдық көліктердің бұл түрі - экологияға зиянсыз. Ескі трамвайларға қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Одан бөлек, үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады. Ол - қаламыздың экономикалық потенциалын арттырады. Сөйтіп, Алматы - Батыс Қытай мен Еуропаны жалғайтын логистикалық хабқа айналады»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Осы жылы Алматыдағы қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жасауға тыйым салынуы мүмкін. Парламент мақұлдаса, жолаушылар жүрген ақысын «Оңай» картасымен ғана айыратын болады. Былтыр қаладағы 196 көше жөндеуден өткен. Ол үшін 7 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Бұл жұмыстар биыл да жалғаспақ. Нақтырақ айтсақ, автобустар тапшы орындарға қоғамдық көліктер жіберіледі. Сөйтіп, тысқары жақта тұратындар қала орталығына оңай қатынамақ.

«Бюджеттен 1 жарым млрд теңге бөлінді. Осы қаржыға тауға шығуға арналған 60 автобус алынады. Тұрғындардың бұл мәселесін жарты жылда шешеміз»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Румиль ТАУФИКОВ.

Тұрғын үйлер де биыл қаз-қатар тізіле береді. Өткен жылы 2 миллионға жетеғабыл шаршы метр қолданысқа беріліпті. Үй кезегінде тұрған 3 мыңнан астам адам баспаналы болды. Қоныс тойын тойлаушылар биыл да табылмақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, алдағы 4 жылда 167 тұрғын үй кешені тұрғызылады. Ол үшін ел қазынасынан 140 млрд теңге бөлінеді. Ал, Атлетикалық ауылдағы пәтерлерге алматылықтар осы көктемде жайғаспақ. Ескі тамдар да ескерусіз қалмайды. Олар жоспар бойынша сүріліп, орнына су жаңалары  салынады.  

«Тәуелсіздік жылдарынан бері Алматыда 40 миллион шаршы метрден астам пәтер қолданысқа берілген екен. Біз 2020 жылға дейін қаладағы  ескі үйлердің барлығын сүріп тастаймыз. Есесіне, тұрғындар жаңасына көшеді. Сіз айтқан үй бағдарламаға енген, биыл нақты күрелетін болады»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Тозған тамдарды бұзу жұмыстарына жеке кәсіпкерлер де жұмылып жатыр. Олар өз жобаларын ұсынып, жеке қаржыларына жаңа баспаналар тұрғызады. Қазір Алматыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қарқынды дамуда. Қаржы қыспағына қарамастан, былтыр инвесторлардың көмегімен 175 бөбекжай өз жұмысын бастаған. Олардың дені мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша тәлім береді. Биыл іскерлер тағы 7 балабақша салады.

«Біздің «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттарымен осы мәселелердің барлығын қарап, бюджетке өзгерістер енгізетін боламыз. Егер құжаттары дайын болса, сіз айтқан мектеп салынады. Шешімі табылады»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Орта білім ошақтарының да саны көбеймек биыл. Жоспарда 7 мектеп салу бар. Олар «Ұлжан», «Думан», «Мамыр» мен «Дархан» ықшам аудандарында бой көтереді. Биыл білім саласын дамытуға 97 млрд теңге бөлінбек. Ал, Елбасы пәрменімен 2017 жыл - жастар жылы болып бекітілді. Алматыда жастарды қолдауға жіті мән берілген. Бүгінде 10 мың белсенді жас өз жобаларын 20 ғылыми зертханада жүзеге асырып жатыр.

Дастан Сейілханұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы