Қала әкімі Бауыржан Байбек Франция Ұлттық ассамблеясының депутатымен кездесті

15.06.2018 02:05

Франция Алматыға цифрлы күзді алып келеді. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары цифрлы технологиялар арқылы француз мәдениетімен және өнерімен танысатын болады. Бұл Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Франция Ұлттық ассамблеясының депутаты, «Франция-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Пьер Кабаренің кездесуі барысында белгілі болды. Тараптар мәдени- гуманитарлық байланыстарды, соның ішінде білім беру және туристік кластерді дамыту тәжірибесімен алмасу бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Бүгінгі күні Алматыда француз капиталымен сауда, тамақ өнеркәсібі, көлік пен телекоммуникация салалары бойынша 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істесе, екі ел арасындағы тауар айналымы бірінші тоқсанда 13 пайызға өсіпті.