Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұрынғы басшылардан 6 миллиард теңге талап етпек. Зардап шегуші тарап қылмыстық іс аясында азаматтық талап-арыз түсіруді ойлап отыр. Заңгерлердің сөзінше, осыдан бір жыл бұрын «Бузгул Аурум» компаниясынан сатып алынған акция осы уақытқа дейін қор иелігінде. Сарапшылар тиімсіз келісімнен зейнетақы қорына келген шығынды есептеген.
«Бұл мәселе 6 миллиард теңге төңірегінде болып отыр. Ол азаматтық заңнамаға сай есептелді. Келісімшарт 5 миллиард теңгеге жасалған. Ал қалғаны сыйақы яғни, негізгі қарыздан бөлек төленуі тиіс», - деді «БЖЗҚ» АҚ ресми өкілі Назым БАҚТЫБАЕВ.
Бүгін осы іске қатысты куәгерлер сұралды. Қордың бұрынғы бас есепшісінің сөзінше, зейнетақы қоры мен «Бузгул Аурум» арасында жасалған келісімге зейнетақы қорының бұрынғы төрағасының орынбасары Дабыр Медетбеков жетекшілік еткен. Оған қоса, өзге де келісімшарттарды қор төрағасы оң қолына бағыттап отырыпты.
Еске сала кетсек, бұл іс өткен жылдың аяғында басталған болатын. Ұлттық банк бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін тексеру барысында 5 миллиард теңгенің жымқырылуына байланысты алты адам күдікке ілінді. Оның ішінде қордың бұрынғы басшысы Руслан Ерденаев та бар. Бірлескен қылмыстық топ тәуекелділігі басым «Бузгул Аурум» компаниясының 500 құнды қағазын қордың 5 млрд теңгесіне сатып алған. Осы іс шеңберінде қордың бұрынғы басшылығына 700 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген де айып тағылып отыр.