БЖЗҚ-ның экс-төрағасы 700 мың доллар көлемінде пара алғаны белгілі болды

16.11.2017 22:05

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының экс-төрағасы Руслан Ерденаев пен оның орынбасары Дабыр Медетбеков 700 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған. Оны "Бузгул Аурум" компаниясының иесі Бақытжан Кенжебаев пайдасыз құнды қағаздарды өткізіп бергені үшін ұсыныпты. Бүгін сотта қордың қаржысын талан-таражға салғандардың әккі әрекетін мемлекет айыптаушы бастан аяқ жіпке тізді. Ал, артылған жазаға қатысты екі сотталушы Талас Тұртаев пен Азат Найзағарин ғана пікір білдірді. Басты айыпты Руслан Ерденаев әзірге тіл қатпай отыр. Еске сала кетейік, бұл іс бойынша алты адам айыпталуда.

Бірыңғай зейнетақы қорының қаржысын талан-таражға салған Алтауға қатысты айыпты оқыған прокурордың жағы талды. Ол қылмыстық әрекеттің қалай басталып, кімнің қандай рөл атқарғанын жіпке тізді. Белгілі болғандай, «Бузгул Аурум» компаниясының иесі Бахытжан Кенжебаев инвестор іздеген. Кейін зейнетақы қорының орынбасары Дабыр Медетбековпен жақсы араласатын танысы Талас Тұртаевтан көмек сұрапты. Ол екі азаматқа кездесу ұйымдастырып берген. Онда «Бузгул Аурумның» құнды қағаздарын зейнетақы қорына сату мәселесі талқыланыпты. Бірақ орынбасар қорда ақша жоқтығын айтып, Кенжебаевқа Қырғызға баруға кеңес берген. Алайда, көршілес елдің зейнетақы қоры құнды қағазды сатып алудан бас тартқан.

«Ерденаев сеніп тапсырылған мүлікті мақсатсыз жұмсап, ірі көлемде айыппұл алған. Ол басқарма басшысы Мұса Бахтовқа заңсыз түрде тапсырма берген. Яғни, «Бузгул Аурум» компаниясының облигацияларын алу үшін комиссияның оң шешімін шығартқан. Инвестицияның пайдасыз екендігін біле тұра Бахтов, Ерденаев, Медетбеков, Кенжебаев мен Найзағарин бірыңғай зейнетақы қорының қаржысына құнды қағаздарды сатып алған. Бұл істе Тұртаев пара беруге көмектескен», - деді Мемлекеттік айыптаушы Нұрлан ЖАЛУБАЕВ.

Кейін ұзақ ойланбастан «Бузгул Аурум» компаниясының иесі Бахытжан Кенжебаев Дабыр Медетбековпен мәселені заңсыз жолмен ретке келтіруге келіседі. Ол қордың экс-төрағасы Руслан Ерденаев пен оның орынбасарына қорға пайдасыз акцияларды сатуға көмектескендері үшін 700 мың теңге пара берген. Айта кетейік, осыған дейін комиссия шешімімен "Бузгул Аурумның" облигацияларын алмауға кеңес берілген. Бірақ, ірі көлемдегі ақша оларды ақ жолдан тайдырыпты. Ал, қос азамат параны теңдей бөлген. Тіпті қолы тимегендіктен қызметкерлерін, кейде туыстарын ақша толы сөмкеге жұмсап отырыпты. Бірақ прокурордың артқан айыбына экс-төрағаның қорғаушысы келіспеді.

«Айыптау құжатында сипаттау мен нәтижелі бөлігінде екі бөлек сомма көрсетелген. Менің ойымша, бұл заңсыз. Мен айыптау актісін қайтарып алып, оған тиісті өзгертулерді енгізуді сұраймын. Менің қорғауымдағы азамат «айыптау актісі түсінікті», - деді. Бірақ одан ешкім пікірін сұрамады», - деді Р. Ерденаевтың қорғаушысы Александ БЛОК.

Айта кетейік, қордың экс-төрағасына "аса ірі көлемде сенім тапсырылған мүлікті иемдену мен жұмсау" және "пара алу" дерегі бойынша айып тағылып отыр. Бірлескен қылмыстық топ тәуекелділігі басым «Бузгул Аурум» компаниясының 500 құнды қағазын қордың 5 млрд теңгесіне сатып алған. Атышулы іс бойынша келесі сот отырысы алдағы аптада болады.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы