Сот зейнетақы қорының басшыларын жүз миллион кепіл ақшамен босату туралы адвокаттардың өтінішін қанағатсыз қалдырды. Қазақстанның Біріңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорының төрағасы Руслан Ерденаев бастаған төрт адамды 2 айға қамауға алу санкциясы өзгеріссіз қалды. Бұған дейін зейнетақы қордағы қомақты қаржыны тиімсіз жұмсады деп айыпталған төртеудің қорғаушылары күдіктілерді кепілмен босату туралы қалалық сотқа апелляция берген еді. Тақырыпты тілші тарқатсын.
Зейнетақы қорын бір жарым жыл басқарған Руслан Ерденаевпен бірге тағы үш лауазымды тұлға қамауда отыр. Экс-төрағамен бірге тәуекелдерді басқару департаментінің басшысы Мұса Бахтов, «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаевқа және қорға құнды қағаздарын сатпақ болған «Бузгул Аргум» компаниясының директоры Найзағаринге қатысты бұлтартпау шарасын тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеу орындары Ерденаев пен өзге де тұлғаларға меншікке қатысты Қылмыстық Кодекстің 189 бабының 4 тармағы бойынша ауыр қылмыс жасады деп айып тағып отыр.
«Ол қылмыс жасаған жоқ. Арада азаматтық-құқықтық мәміле болған. Оның заңды-заңсыздығын тек сот шешеді. Бұл құқық қорғаушылардың құзырындағы нәрсе емес. Қазір қандай болмасын қорытынды шығаруға әлі ерте. Бахтов мүлде тек өз міндетін орындағаны үшін ұсталып отыр. Ол өз лауазымына сай әрекет етті»,- деді Р.Ерденаев пен М.Бахтовтың қорғаушысы, Александр БЛОК.
Жаңа жылды жағымсыз жаңалықпен аяқтаған жинақтаушы қордың басшыларын босатуға ұсынылған кепіл сомасы да жоғары. Қорғаушылар тоқсан миллион теңгеден жоғары бағаланған Ерденавтің пәтерін кепілге қойып, бостандыққа шығармақ болып жүр. Онымен қоса төрағамен бірге қамалған Мұса Бахтовты бостауға 13 миллион теңге ұсынған.
«Қозғалған іске қарсы и қамауға алуғада мен қарсымын. Қазір сотқа кепілдік көрсетеміз. Заңды тұлға белгілі бір уақытқа қарыз алса ол қолды қылу емес. Белгілі бір уақыттан соң қайтару»,- деді Б.Кенжебаев пен А.Найзағариннің қорғаушысы, Ғалым НҰРПЕЙІСОВ.
«Бузгул-Аурум» компаниясының құнды қағаздарын сатып аламыз деп, бастары бәлеге қалған басшылардың мәселесінен ҰҚК тікелей айналысқан. Оларға 5 миллиард теңгені мақсатсыз жұмсады деп айып тағылған. Ал банк өкілдері жұмсалған ақша жұрттың зейнетақысы емес, қордың өз ақшасы деп айтқандарынан қайтар емес. Жалпы, БЖЗҚ жаппай тексеруге де осы бас банктің шағымы түрткі болған еді.
«Сотқа дейінгі тергеу органдары Руслан Ерданаев және өзгеде тұлғаларға меншіктегі қаржыға қарсы қасақана қылмыс жасады деп күдік тағылып отыр. Қылмыстық кодекстің 189 бабы, 4 тармағы бойынша, яғни өзгенің мүлкін талан-таражыға салуы дерегі бойынша. Соттың үкімімен аталған тұлғалар екі айға қамалды»,- деді Алматы қалалық соты ақпаратпен қамту бөлімінің жетекшісі, Диас МАХАМБЕТОВ.
Еліміздің заңнамасы бойынша кепілге ең кемі 1 млн 600 теңге қоюға болады. Бірақ, ұсынылған қаржының бұдан әлдеқайда көп болғанына қарамастан сот ұсталғандарды кепілмен босату өтінішін қанағатсыз қалдырды. Енді жоғарыда аталған тұлғалар темір торда тергеліп, тергеу амалдары біткен соң сот алдында жауап беретін болады.
Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы