Еліміздегі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты атышулы іске соңғы нүкте қойылды. Қордың 5 млрд теңгесін талан-таражға салған 6 адамға судья жаза кесті. Сонымен экс-басшы Руслан Ерденаев 12 жылға, төрағаның бұрынғы орынбасары Дабыр Медетбеков 11 жылға, қордың басқарма басшысы Мұса Бахтов 7 жылға, «Бузгул Аурум» компаниясының иесі Бахытжан Кенжебаев 8 жылға, директоры Азат Найзағарин 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «МегаТрансАзия» компаниясының директоры Талгас Тұртаевтың кінәсі толық дәлелденбегендіктен, жазасы 1 жылға шартты түрге ауыстырылып, сот залынан босаталды. Жүздеген томға арқау болған іс шамамен 6 айдан астам уақыт қаралды. Айта кетейік, процесс ашық өткенмен, сотталушылардың, олардың қорғаушылары мен туыстарының бет-жүзін көрсетуге мүлде тыйым салынған болатын.
«Кінәлі деп танылған Руслан Ерденаев пара ретінде алған 132 млн теңгені, ал Дабыр Медетбеков 98 млн теңгені қайтаруы тиіс. Сондай-ақ мақсатсыз жұмсалған үкіметтің 5 млрд теңгесін айыпталған 6 азамат өз келісімдерімен бірге қайтаруға міндеттеледі», - деді Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мәртбек КӘКІМЖАНОВ.
Еске сала кетейік, 2016 жылы Қазақстанның қор биржасында бірыңғай зейнетақы қорының төрағасы қор қаржысына «Бузгул Аурум» компаниясынан 500 мың бағалы қағаз сатып алған. Негізі қордың тәуекелдікті зерттеу департамінтінің тұжырымы бойынша, бұл инвестициядан аулақ болу керектігі ескертіліпті. Бірақ оған қарамастан сауда жасалғандықтан, бұл үкіметке 5 млрд теңге көлемінде шығын әкеліпті.