Менингококк инфекциясының беті қайтып келеді. Он жеті аптаның ішінде шарықтау шегіне жеткен жұқпалы ауру 13 адамның өліміне себепші болды. Бұл туралы бүгін Орталық Коммуникациялар қызметінде Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Бас санитар дәрігердің айтуынша, 14 адам ауруханадан шыққан. 24 науқас күні бүгінге дейін ем қабылдауда. Оның 12 -сі Алматы қаласында.
«Алматы облысы мен Астана қаласында 3 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Алматының өзінде инфекциялық менингококкпен жан сақтау бөлімінде жатқандар жоқ. Қазіргі кезде аталмыш қалада 360 адам өз еркімен вакцина салғызып үлгерді»,-деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы ЖАНДАРБЕК БЕКШИН.
Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасы жөндеу жұмыстарына жабылатын болды. Өйткені мекеменің жағдайы адам шошытарлық күйге түскен. Қабырғасы сөгіліп, едені қақ бөлінген аурухананы қайта жаңарту шешімі 2017 жылы қабылданған. Оған жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылу керек болатын. Алайда оған құлақ асқан шенді табылмапты. Тек денсаулық сақтау министрі барғаннан кейін ғана жағдай өзгерген. Айта кетейік, Астанадағы жағдай әлі де болса алаңдатарлық. Өйткені 6-шы маусым күні менингит инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 2 адам түскен. Қазіргі кезде 1985 жылғы ер азамат ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал, 1980 жылғы әйелдің денсаулығына ақ халаттылар орта деңгейде деген баға беріп отыр. Қазіргі кезде зерттеу амалдары қолға алынған.