|
17.04.2018 | 21:33
7827

Бесіктің жасалу жолдары

Бесіктің жасалу жолдары

Бұрынғы заманнан келе жатқан халқымыздың тыныс-тіршілігіне байланысты ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты  салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да бар. Соның бірі – бала туылғаннан кейін баланы бесікке бөлеу дәстүрі.  Дәстүрлі ортада қол-аяғы түзу, қалыпты жетілу үшін баланы шыттан тігілген матамен жөргектеп бесікке бөлейді.Бесік — нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Бесікті Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланады. Тек әртүрлі үлгіде жасалады. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан, баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды. 

Бесіктің жасау-жабдықтары

Жас нәрестені бесікке бөлеу үшін төмендегідей жасау-жабдықтар қажет.

Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбек бекітілген тұсында ойығы болады.

Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды (қаузау киіз).

Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін арасына құс жүні салынып қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады.

Жастық. Бесіктің енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық.

Көрпе. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні, ал арасына мақта салып қабылған көрпені қыстыгүні қолданады.

Кепіл. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді.

Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады.

Түбек. Түбек қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады.

Шүмек. Шүмекті ағаштан да сүйектен де әзірлеуге болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейді. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан (иінінен) жасайды, ойығын ұлдікіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне баптау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады.

Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир