Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін сырғанау алаңы ашылады. Онда кез келген қала тұрғыны мен қонақтары тегін сырғанай алады. Әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қала әкімдігі мұрындық болған. Шағын мұз алаңқайы желтоқсанның бірінен бастап іске қосылмақ.
Конькимен сырғанау алматылықтардың сүйікті спорт түрлерінің бірі. Сондықтан, шаһарда бұқаралық сырғанауға ерекше ден қойылуда. Қазір қалада тұрақты істеп тұрған жабық 8 мұз айдынынан бөлек, қосымша 6 сырғанау алаңы ашылмақ. Олардың барлығы Алматының ауа райына төзімді, заманауи технологияларды пайдалана отырып жасалады.
«Бұл мұз ауа райы қандай болғанына қарамастан, яғни +10 градусқа дейін жылы болса да қатып тұрады. Алаңдардың тоңазытқаш құралы мұзды ерітпеуге қолайлы температураны қамтамасыз етеді. Келушілерге өте ыңғайла болады. Біз ауа райына қарай температуралық режимді орнатамыз», - деді құрылыс компаниясының басшысы Мұхамеджан ӨСЕР.
Қазір ашық мұз айдынды құру жұмыстары қаланың бірнеше аумағында қызу жүріп жатыр. Өйткені, 1 желтоқсаннан бастап кез келген тұрғын сырғанай алады. Айта кетсек, тәулік бойы жұмыс істейтін алаң, барлық келушілер үшін тегін. Тек, өз конькилерін ала келуі қажет. Сондай-ақ, маңайда тамақтану дүкендері, конькилерді жалға алу орталықтары да жұмыс істейді. Олардың бағасы да қолжетімді болады дейді ұйымдастырушылар.
«Тұңғыш Президенті саябағының алдында 850 шаршы метрлік жаңа мұз айдыны салынып жатыр. Оның құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ, Жібек жолы - Абылай хан, Әл Фараби - Ремизовка, Жандосов - Шаймерденова көшелерінің қиылысында, «Март» сауда орталығының жанында және Жетісу ауданы әкімдігінің маңында да қызу жұмыс жүргізілуде», - деді Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рүстем БАИСЕЙІТОВ.
Айта кетсек, «Медеу мұз айдынында» конькимен сырғанауды тегін үйрететін нұсқаушылар жұмыс істеуде. Мұның барлығы «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Басты мақсат – бұқаралық сырғанауды дамытып, салауатты өмір салтын ұстанатындардың қатарын арттыру.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы