Универсиада үшін салынған ғимараттарда тегін спорт үйірмелері ашылып жатыр. "Алматы арена" мен "Халық арена" сарайларында спорттың 15 түрінен жаттығу залдары жұмыс істейді. Таңнан кешке дейін қызмет көрсететін алып ғимаратта бір мезетте мыңнан астам бала жаттыға алады. Ал грек рим күресіне келген жеткіншектер тіптен алдағы Олимпиада ойындарына қатысуға бел буыпты.
Қазақ балаларының қанына сіңген, табиғатына жақын спорттың түрі - күрес. Алып сарайда грек-рим, еркін және қазақ күресінен жаттығу залдары ашылған. Қазақ күресінен басқасы тегін болғандықтан, татамиде жаттыққан бала саны аз емес. 7 мен 20 жас аралағындағы балуандар аптаның алты күнін осында өткізе алады.
«Бала саны өте жоғары. Қазір біз бір күнде 4 жаттығу өткізіп жүрміз. Грек-римнен 4, еркін күрестен 5 жаттықтырушы бар. Еркін күрестегі балалардың саны 200 асып кетті»,- деді Грек-рим күресінен аға жаттықтырушы, Нұрбол ӨМІРЗАҚОВ.
Әзірге "Алматы аренадағы" спорттың осы екі түріне қатысу тегін. Жалға алу мен жаттықтырушылардың жалақысын күрес федерациясы мойнына алып, қазақ балаларының балуан болуына мүмкіндік жасаған.
¤Релакс биін аз уақытта үйреніп алған қаршадай қыздың бірі Аружан. 9 жастағы бүлдіршін жанындағы жасы үлкен бишілерден қалыспай, айтылған тапсырманы толық орындауға тырысады. Еркін дене қимылы мен кез келген әуенге жарасымды би ырғағын жасай алу жасөспірімдердің қазіргі жетістігі.
«Қолмен жұмыс істеу және би өнері жақсы екен. Кейде біз гимнастикаменде жұмыс істейміз. Биші немесе әнші болғым келеді»,- деді Аружан КАМАЛ.
Универсиада аяқтала салысымен қолданысқа берілген ғимаратта қазір спорттың 15 түрінен жаттығу орталықтары ашылған. Таэквондо, каратэ, ауыр атлетика, көркем гимнастика сынды өзгеде спорт түрлері арқылы болса да, қатысып жатқандардың саны көп. Бассейнге келушілердің ең кішісі төрт жасқа да толмаған.
«1-наурыздан бастап спорттың 15 түрі бойынша үйірмелер басталды. Әсіресе универсиада аяқталған соң хоккей, шорт-трек сынды спорт түрлеріне қызыққандар саны артты. Серік Қонақбаев атындағы бокс залын аштық. Мұнда Олимпиада ойындарынан жүлде алған адамдардың атымен ашылған залдар аз емес және жаттықтырушылардың көбі халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандар.Әлем чемпиондары. Балалар бір спорт түрінен шығып, алысқа бармай-ақ, екіншісіне қатыса алады»,- деді «ALMATY ARENA» мұз айдыны кешенінің менеджері, Нағима МИРЗАКИРОВА.
Ғимараттың басшылары әлі де үйірмелер ашуға орын бар деп отыр. Көбінесе олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық берілмек. Қазір ақылы түрде өтіп жатқан шахмат пен тоғызқұмалақ үйірмелері алдағы күндері тегін болуы мүмкін. Ал өзге спорт түрлерінің ең арзаны бір бала үшін айына 13 мың теңгеден басталады.
Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы