Алматыда шетелдік азамат із-түссіз жоғалып кетті. Бауырларының оны бәзбіреулер күштеп ұстап отыр деген күдігі бар. Айтуларынша, жоғалған жігіт "тепсе темір үзеді". Туысынан көз жазған тағы бір отбасы алматылықтардан көмек сұрап отыр. Құзырлылардан қандай хабар бар?
Бәзбіреулер Хасан Хожақұловты қинап ұстап отыруы мүмкін. Отыз бес жастағы жігіттің Алматыда ізім-ғайым жоғалғанына тура екі апта болды. Ол өзі жақында ғана Өзбекстаннан ем қабылдауға келіпті. Алып шаһарды жөнді білмейтіндіктен адасып, тентіреп қалуы да мүмкін деген болжам бар. Уақытша жалдап тұрған үйден шығып, «Қалқамандағы» ауруханаға қарай бет алғаны ғана мәлім. Бірақ, діттеген жеріне жетпепті. «Хасанның ұмытшақтық дертіне шалдыққаны рас», - дейді жақындары. «Бірақ қара күштің иесі. Сондықтан оны жұмысқа жегу мақсатында біреудің қамап ұстауы да әбден мүмкін», - дейді. Іздеу жарияланғанмен, полициядан жақсы хабар әлі жоқ.
«Мүмкін бәзбіреулер қасақана ұстап отыр деген ойымыз бар. Оның үстіне ұмытшақтығы тағы бар. Алматыны да жөнді білмейді. Бір рет Ташкентте жоғалған, бірақ тұрғылықты мекен-жайын жақсы білгендіктен, өзі тауып келген. Ал бұл қалаға жақында ғана келген соң, қатты алаңдап отырмыз. Үстіне қара түсті сырт киіммен және сұр шалбармен шығып кеткен еді. Бойы 1 метр 65 сантиметр, орта денелі, шашы, көзі қара», - деді Өткер ХОЖАҚҰЛОВ.
¤Өсербай Қожамұратовтың туыстары да елең-алаң. Есікке қарап отырған отбасын телеарна тілшілері осыдан 3 ай бұрын түсірген еді. Дәл сол кезде Медеу ауданының жауапты учаскелік полиция қызметкерлері аталған іс бойынша, ешқандай қызығушылық танытпаған. Жақындары адамның жоғалғаны туралы арызды ішкі істер басқармасы екі жарым айдың ішінде әрең қабылдағанын айтқан-ды. Бүгінде іздестіруді шаралары қызу жүргізіліп жатыр. Туыстары да үмітті үзген жоқ. "Құлдықта" деген жорамалға сенгісі келеді. Үлкен шаһарда жоғалғандар саны былтыр 329 адам болса, олардың 298-і табылыпты.
«Азамат Қожахметовтың жоғалғаны жөнінде арыз қазан айында келіп түсті. Өзінің туған ұлы келіп жазды. Оның айтуынша тамыз айында әкесі үйінен шығып кетіп, оралмаған. Келеңсіз оқиғаларды реттейтін бюролардың анықтамаларына сүйенетін болсақ, табылып жатқан мәйіттердің арасынан ол азамат жоқ. Медициналық мекемелерге сауалнама жіберіліп, нәтижесінде оның ол мекмелерге жеткізілмегені анық», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК. ¤
Құзырлылар жоғалғандарды жылдап бойы таба алмағандықтан, үмітін үзбегендердің ішінде бақсы-балгерлерге де барып, құмалақ аштыратындар бар. Естеріңізде болса, былтыр жоғалған 30 жастағы Виктор Кораблевтың туыстары Мәскеулік экстрасенске барып, көріпкелден жоғалған жанды судың жағасынан іздеңдер деген кеңесін естіп қайтып еді. Былтырдан бері елімізде осылай хабар ошарсыз кеткендердің саны 4 мың 229 адамға жеткен. Бүгінге дейін оның 2360-сы дін аман жақындарымен қауышқан. Қалғаны әлі де шұғыл іздестірлуде.
Әйкерім Ердәулетқызы, Әрсен Сандыбаев, " Алматы" телеарнасы