Алматы облысында бүтін бір отбасының үйі өртеніп, қақаған аязда далада қалды

02.02.2018 01:40

Алматы іргесінде бүтін бір отбасы қақаған қара суықта далада қалды. Осыдан үш күн бұрын болған өрттен олардың үйі түгі қалмай жанып кеткен. Тілсіз жау дүние мүліктері мен қолдағы құжаттарын да қоса жалмапты. Абырой болғанда өздері дін аман. Бірақ ендігі барар жеріміз, басар тауымыз жоқ деп, қайғыдан қан жұтып отыр.

Тосыннан тұтанған тілсіз жау Козловтар отбасын тентіретіп қойды. Алапат өрттен әлі күнге естерін жия алмай жүрген олар биылғы ғана іргесін қалаған үйлерінен айырылып отыр. Бәйтерек ауылындағы қос қабатты бұл тамның қазір сау-тамтығы қалмаған. Дүние-мүліктері де, қажетті құжаттары да түгелдей жанып кеткен. Күлге айналған үйде 63 жастағы зейнеткер өзінің қызымен және қос немересімен бірге тұрыпты.

Шырт ұйқыда жатқан отбасы осыдан 3 күн бұрын қатты дыбыстан оянады. Сөйтсе, үйлерінің үстіңгі қабаты қазал жалын құрсауында қалып, өрт астыңға бірінші қабатқа да жайыла бастаған екен. Бейқам жатқан қос әйел бірден балаларды алып далаға асүйдегі терезеден атып шыққан.

Үй иелерінің айтуынша, тілсіз жау баспананы небәрі бір сағаттың ішінде тып-типыл етіпті. Өрт сөндірушілер жедел жеткенімен, қазыл жалынды ауыздықтау мүмкіндік болмады. Әзірге тілсіз жаудың неден тұтанғаны анықталған жоқ.    

«Мен ең әуелі бұрынғы күйеу балама алғыс айтқым келеді. Ол жақында біз қаламасақ та, үлкен немеремді өз үйіне алып кеткен болатын. Енді қазір соған керісінше қуанып отырмын. Егер ол ұлды алып кетпесе, кім білсін ол тірідей жанып кетер ме еді? Өйткені, немерем үстіңгі қабатта жататын. Ал от сол жақтан бастап жанған», - деді Галина КОЗЛОВА.

Қақаған аязда шиеттей екі баламен үйсіз қалған отбасы қазір туыстарының баспанасын паналап жатыр. Жеке пәтер жалдауға шамалы жетпейді. Сөздеріне сенсек, қапыда қырсыққа ұрынған отбасы тек бір зейнетақыға күн көріп келген.  

«Қайырымды жандар, еріктілер мен көршілер қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Бізге тамақ, киім-кешек, тіпті ақша да әкеліп берді. Алғысымыз шексіз. Ал жергілікті әкімдіктен бір адам келіп, жағдайымызды сұрамады. Соған қайранбыз», - деді Светлана САИТОВА.

«Әкімшіліктен келіп көмек сұраған жоқ, егер үйлері өртеніп кетіп барлық құжаттары жанып кеткен болып жатса, біз әкімшілік жағынан келіп арыздарды берсе, біз құжаттар жағынан көмектесеміз. Ал материалдық жағдайын жергілікті өзіміздің кәсіпкерлермен жұмыс істейміз. Егер олар материалдық жағдайына көмек көрсетеміз десе, сол Сүлейменов көшесіндегі жанып кеткен үйге жібереміз», - деді Алматы облысы Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Айбек НҰРЛАНОВ.

Жергілікті әкімдік өкілдері үй-күйсіз қалған жанұяға қолдан келгенше жәрдемдерін беретінін жеткізді. Яғни отбасы мүшелерінің жеке құжаттарын қайта жасауға қол ұшын созбақ. Ал материалдық шығынын өтеп беруге қауқарсызбыз деп кесіп айтты. Сондықтан Козловтар жанұясы қайырымды жандардан көмек күтпек.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы