Біртанов менингит жұқтырғандардың жағдайы туралы айтты

13.06.2018 03:48

Алматыда тағы екі адам инфекциялық менингит жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түсті. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі  Елжан Біртанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда диагноз расталған адам саны 60-қа жетіп, республика бойынша 11 адам күні бүгінге дейін ем қабылдап жатыр.

«Менингит бойынша жағдай бір қалыпты. Кешегі күнгі мәлімет бойынша Алматыда екі адам осы ауруды жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілген. Солардың бірі - бала. Оның халі алғашқыда ауыр болған. Дегенмен дерттің беті қайтты. Науқастардың жағдайын тікелей өзім бақылап отырмын. Өмірлеріне қауіп жоқ. Бірақ диагноз әлі расталмады»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі  Елжан БІРТАНОВ.

Министр бұдан бөлек, Қаскелеңдегі инфекциялық  ауруханаға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, мекеме көрсетілген олқылықтарды жоймайтын болса, сот шешімі арқылы жабылатын болады. Себебі, ол мемлекеттік нормативке сәйкес келмейді. Осыған орай, аудандық аурухана құрамына енуі ықтимал. Айта кетейік, жұқпалы менингококк инфекциясына шалдыққандар саны жыл басынан бері 60 -қа жетті. Оның ішінде 13 адам көз жұмды. Он адам Алматы мен Алматы облысында мерт болса, екі адам Оңтүстік Қазақстанда, ал бір науқас Қызылорда облысында - дәл осы инфекцияның ушығуынан қайтыс болды.


Теги: менингит