Биыл Алматыда зейнеткерлерге арналған арнайы орталық ашылады

Биыл Алматыда зейнеткерлерге арналған арнайы орталық ашылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан былай Алматының қамкөңіл қарттары қол қусырып құры жүрмейді. Қоғамнан қалыс қалмай, белсенді өмір сүреді. Биыл шаһарда егде жастағы адамдарға арналған арнайы орталық ашылмақ. Онда аға буын өкілдері бас қосып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Яғни, көңілі қалаған іспен айналысып, психологиялық көмек алады. Қала билігі қарияларды қолдау мақсатында «Белсенді өмір сүру» жол картасын әзірледі.

Бүгінде Алматы қаласында 222 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Аға буын өкілдеріне көңіл бөліп, қолдау білдіру үшін қала билігі арнайы «Белсенді өмір сүру» жол картасын әзірледі. Халықаралық тәжірибеге сүйене дайындалған жобаның бірінші кезеңіне жергілікті қазынадан 150 миллион теңге бөлінбек. Аталмыш бағдарлама егде жастағы тұрғындардың белсенділігін арттырып, олардың өмір сүруге құштарлығын оятпақ.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бес институционалдық реформасы» шеңберінде Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі құрылып, содан бергі уақытта қала тұрғындары көтеріп келе жатқан кезек күттірмейтін мәселелерді шешуде өздеріңізбен бірлесіп, тығыз жұмыс атқарып келеміз. Ендеше, «Алматы 2020» даму бағдарламасында көрсетілген дамудың басым бағыттарын бірлесе іске асыруда Қоғамдық кеңестің орны қашанда бөлек болмақ. Сондықтан да қарияларымызға деген қамқорлығымызды арттыруға, олардың өмір сапасын жоғарылата түсуге бағытталып арнайы әзірленген «Белсенді ұзақ өмір» жол картасын ең алғашқы болып бүгін өздеріңіздің назарларыңызға ұсынбақпыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қарттар үшін бекітілген бағдарлама аясында осы жазда Алматыда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылады. Онда күн сайын қаланың 200-ге жуық егде жастағы тұрғыны бас қосып, көңілі қалаған іспен шұғылданады. Яғни, үйлерінде қол қусырып құр жатпайды. Орталыққа келіп кітап оқиды, спорт залдарына барып, шахмат, тоғызқұмалақ та ойнайтын болады. Ал «болдым, толдым» демей, ізденіске жаны құмар жандар үшін, тіпті, ағылшын тілі мен компьютерлік курстар жұмыс істейді. Әрі, тегін психологиялық және медициналық кеңес беріледі.

«Биыл біреу ашылса, келесі жылы тағы да ашу қарастырылған. Бұның негізгі функциясы - сол орталықтың базасында мәдени, демалыс орнын ұйымдастыру. Сонымен қатар, олардың компьютерлік сауаттылығын, соларға оқыту тағы басқа жағдайлар қарастырылады. Бұл бағдарлама егде жастағы адамдарды өздерінің ұсыныстары бойынша өзгере береді. Яғни, бұл жерде бір қатып қалған қағида жоқ», - деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қариялардың ұсыныс пікіріде ескеріледі. Бұдан бөлек, осы жылы қаланың барлық аумағынан 40 әлеуметтік клуб ашылады. Ол жерлерде де қарттарға әр түрлі тегін үйірмелер қарастырылмақ.

«Бүгінде қаламызда қарттарға ерекше көңіл бөлініп, көп қолдау көрсетіліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстарға 2,6 млрд теңге бөлінеді. Жыл сайын 4 мың зейнеткер сауықтыру орындарына  жолдамалар алады. Егде жастағы адамдар өздерінің қоғамға қажеттілігін сезініп, біздің қолдауымызды сезінуі қажет. Оларға қарым-қатынас, тілдесу қажет. Олар үлкен өмірлік тәжірибе мен даналықтың қайнар көзі. Олардың жастарға берері көп», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Сондай-ақ егде жастағы тұрғындар арасында әлеуметтік туризмді дамытуға ерекше назар аударылады. Қарттар үшін қала мен тау арасында туристік маршруттар ұйымдастырылмақ. Ал қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысымен «Ата -Апа.kz» арнайы интернет-порталы ашылуы мүмкін. Онда қариялар үшін барлық пайдалы ақпараттарды топтастыру көзделген.


Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров