Биыл «жыл дәрігері» атанған Олег Өркенұлы жайлы не білеміз

13.06.2018 20:51

Қазақстандағы 2018 жылдың «жыл дәрігері» Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында еңбек етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталмыш орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саналы ғұмырын медицинаға арнаған сондай азаматтың бірі - Олег Өркенұлы Мұстафин. Күрделі соматикалық патологиялар және сауықтыру бөлімшесінің дәрігері болып еңбек ететін оны білмейтін адам кемде-кем. Білікті де тәжірибелі, жоғары санатты дәрігер 43 жылдан бері медицина саласында жемісті еңбек етіп келеді. Оның 41 жылын Педиатрия орталығына балаларды емдеуге арнаған. Айта кетейік, бұл бөлімшеде созылмалы гепатитке шалдыққан, целиакия, муковисцидоз, лактаздық жетіспеушілігі бар балалар тексеріліп, емделеді.

«Науқастың дертіне дауа, сырқатына шипа табылып, айығып кетуіне куә болудың өзі - бір бақыт», - дейді Олег Өркенұлы.


Ол 1950 жылдың 13 желтоқсан күні қазіргі Ресейдегі Приморск өлкесінде дүниеге келген. 1974 жылы Алматы Мемлекеттік медицина институтын «педиатрия» мамандығы бойынша үздік бітірген дәрігер сол жылдардан бері бар өмірін бала денсаулығын нығайтуға арнап, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, Қазақстан Республикасында балалар гастроэнтерологиясы саласының қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді.

Алғаш қызмет жолын Алматы қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында педиатр дәрігер болып бастап, 1974-1976 жылдары аралығында осы мекемеде жұмыс істесе, 1976 жылдан бастап Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында бүгінгі күнге дейін күрделі соматикалық патологиялар және сауықтыру бөлімшесінің дәрігері, меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Бір мекемеде ұзақ жылдардан бері қызмет жасап, адалдығын танытып, өзінің жүріп өткен жолымен, адами қасиеттерімен, қажырлы да жемісті еңбегімен, соны ғылыми ізденістерімен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып келе жатыр.

Олег Өркенұлы 1987 жылдан бастап 1994 жылдар аралығында өзінің атсалысуымен құрылған гастроэнтерология бөлімшесін басқарып, гастроэнтерологиялық патологиясы бар балаларды диагностикалау және емдеудің жаңа әдістерін әзірлеуге зор үлес қосты. Олег Өркенұлының бастамасымен бұл бөлімше республикада алғаш болып ішектің сіңіруінің бұзылысы бар балаларды зерттеуді және емдеуді бастап, диагностикалауды жолға қойып, тағамданудың арнайы диетасын әзірледі. Бүгінгі таңда бөлімше республикадағы мальабсорбция синдромы бар балаларды емдеу жөніндегі орталыққа айналды.

Олег Мұстафин «Балалардағы целиакия» монографиясының және тағы көптеген ғылыми мақалалардың авторы, «Балалар жасындағы ойық жара аурулары», «Балалардағы мальабсорбция синдромы» деген тақырыптарда бөлімше жұмысының нәтижелері бойынша әдістемелік ұсынымдарды шығарған дәрігер-ғалым.

«Қашанда жақсылық жасауға жаны жақын тұратын Олег Өркенұлы түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, балаларға тегін консультациялық кеңес беріп, көмек қолын созып келеді. Әр науқас балаларды аса мейірімділікпен, ұқыптылықпен, мұқият қарап, бірден баурап алу қасиетіне ие», - дейді әріптестері.

Балалар денсаулығын нығайту жолында елеулі еңбек сіңіріп, денсаулық сақтау ісін дамытуға айырықша үлес қосып келе жатқан Олег Мұстафин «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен (2006жылы), Құрмет грамоталарымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Ал, биыл ол жылдың үздік дәрігері атанды.

«43 жылда өмірдің талай соқпағынан өттім. Мені қанаттандыратын да, жігерлендіретін де менің мамандығым. Мамандықтың ең кереметі - дәрігер деп білемін. Көңіліне кірбің түсіп, ауырсынып келген кішкентай пациенттер мен ата-аналарынан алғыс, бата алудан асқан бақыт бар ма?! Әр сауығып кеткен балалар жанымызға қуаныш сыйлайды. Ізімді басып келе жатқан шәкірттерім көп. Медицина - бір орнында тұрмайтын сала. Заман талабына сай жылдан-жылға жаңарып, медицина саласында жаңа инновациялық емдеу тәсілдері енгізілуде. Барша жас дәрігерлерге айтарым, әрқашан ізденісте болыңыздар. Білім алудың ерте-кеші жоқ», - дейді Олег Мұстафин.