Биыл халықтың цифрлық сауаттылығын 78,5 пайызға дейін арттыру көзделген

04.05.2018 15:03

Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтары осы жылдың І тоқсанында 1 миллионнан астам қызмет көрсеткен. Соның ішінде басым бөлігі орталықта көрсетілсе, қалғаны электронды үкімет порталы арқылы жүргізілген. Қазіргі таңда цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының тиімділігі артуда. Қалада мұндай арнайы орын Алмалы ауданында жұмыс істеп жатыр. ¤

Степан Тимофеев электронды үкімет порталын қолдануды жақында үйренген. Оны меңгерге халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандар көмектесіпті. Бүгінде оқыту курстары барлық орындарда жүргізіледі. Жаңа жоба азаматтарға уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, дейді ол.

«Оқыту курсына тек 30 минут уақыт қажет. Кейіннен өз бетіңше үйренгеніңді арнайы залда тексере аласың. Өте жақсы жасалған. Енді түрлі анықтаманы алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ керекті құжаттарды шығарып алуға болады», - деді Степан ТИМОФЕЕВ.

Оқыту курстарынан бөлек, орталық қызметкерлері цифрлық сауаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Осы уақытқа дейін 200-ден аса шара өткен. Ол арқылы 14 мың азамат қамтылған. Сондай-ақ халық қарасы қалың қоғамдық орындарда арнайы пункттер жұмыс істейді. 

«Барлық фронт офистарды байқасаңыздар, Алматы қаласында болсын, бүкіл елімізде халықтың цифрлық қызмет алуына ыңғайлап орындықтарды, үстелдерді соған ыңғайлап қойып жатыр. Бұрын адамдар дайын отырған мамандарға жүгінетін еді. Ал бүгінде келгенде үстелдер қойылған. Сол жерге қызмет алайын деп келеді», - деді  Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаменті қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жаңыл АПЕТОВА.

Жобаның негізгі мақсаты - тұрғындарға электрондық қызметтерді үй жағдайында алуға үйрету. Сөйтіп Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында айтылған міндеттердің бір бағытын орындау. Биыл халықтың цифрлық сауаттылығын 78,5 пайызға дейін арттыру көзделген.


Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы