Алматыда гүл егу науқаны басталды. Қазір бағбандар саябақтар мен скверлерге көпжылдық және маусымдық гүл көшеттерін отырғызуда. Биыл шаһардың 53 мың шаршы метрден астам жеріне әсем өсімдіктер егіліп, гүлзарлар жасалады. Ол үшін 1 миллиард теңге бөлінді. Ал күзге қарай қосымша қаржы қарастырылып, қызғалдақ тұқымы салынбақ.
Мына аралығын қалыпты 17 см етіп егеміз. Түбі қалыпты орналасу керек, түбіне ауа кірмеу керек.
Тұңғыш Президент саябағында көздің жауын алар бұл өсімдіктердің сан түрі егіліп жатыр. Келушілер қазірдің өзінде айналаға жұпар шашқан гүлдерге таңырқанып, тамсануда. Қазір бұл демалыс орнын әсем гүлмен көмкеру үшін 30-дан астам бағбан жұмылып жұмыс істеуде. Олар ландшафтарға күніне 14 мыңнан астам гүл отырғызады екен.
Көшеттердің кейбірі қаладағы жылыжайда өскен болса, кей түрлері Түркия мен Канададан жеткізілген. Жалпы осы жылы Алматыға ажар беретін түрлі-түсті шырайгүлдердің 25 түрі отырғызылады. Себебі түрлі гүл өрнек жасауға ыңғайлы дейді бағбандар. Сондай-ақ агератум, тагетис, ирезине, сальвия сынды гүл түрлері де көптеп егіледі. Биыл шаһардың 53 мың шаршы метрден астам жері әсем өсімдіктермен көмкеріліп, гүлзарлар жасалмақ.
«Қаланың аумағында үш саябақ бар. Біз әсіресе сол саябақтар мен скверлерді, Панфилов көшесіндегі жүргіншілер аумағын көріктендіруге ерекше мән береміз. Ол жерлерге жаңа гүлзарлар қойылады. Сондай-ақ Орталық демалыс және 28 Панфиловшылар саябағына көпжылдық көшеттер егеміз. Күзде қызғалдақтар отырғызуды жоспарлап отырмыз»,-деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Нұрлан ТҰТЫБАЕВ.
Қазір қаланы абаттандыру үшін 8 мердігер компания жұмылдырылған. Олар гүл отырғызу жұмыстарын 10 маусымға дейін аяқтамақ. Биыл шаһарды әсем өсімдіктермен көмкеруге 1 миллиард теңге бөлінді. Ал күзге қарай қосымша қаржы қарастырылып, 20 мың шаршы метр аумаққа қызғалдақ тұқымы егіледі. Бірақ жұпар иісті гүлдер тек келер жылы ғана қауыз ашады.
«Біз жылда ауыстырамыз түрлерін. Биыл мысалы герань ексек, келесі жылы басқа түрлерін егеміз. Дизайнын ауыстырып отырамыз жыл сайын. Оюлар, орнаменттер бізде әр жерде. Жал сайын дизайнын ауыстырып отырамыз, жылда бір гүлді еге бермейміз. Бізге әдемілігі керек те, жылда бір түрлі болмау керек»,-деді мердігер компания өкілі Бағлан АБДУЛДАЕВ.
Саябаққа отырғызылып жатқан гүлдердің көбі үй ішінде де жайқалып өсуге бейім екен. Құны 60 теңгеден басталып, 1000 теңгеге дейін барады. Сондықтан қас қарая әсем өсімдіктерді тамырымен жұлып әкететін сұғанақтар да көбейіп кеткен. Бағбандары бүгін еккен гүліміздің ертесі күні орнын сыйпап қаламыз деп ашынып отыр. Сол себепті, ұрылар қолды қылған гүл орнына қайтадан көшет отырғызып баптайтын көрінеді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы