Биылғы «Мәңгілік полк» маршына 100 мыңнан аса алматылық қатыспақ. Әкелерінің, аталарының суретін ұстағандар бұрынғы бағыт бойынша - Астана алаңынан 28-ші панфиловшылар саябағына дейін жүріп өтеді. Олардың арасында Александр Нагайцев та бар. Осыдан бірнеше күн бұрын оның әкесінің мүрдесін Отанына алып келді. 74 жылдан кейін оның денесін Эстония түбінен тауыпты. Осы кезге дейін ол іс-түссіз жоғалғандар қатарында болған еді. Бұл оқиғаның басы-қасында болып, куәгер атанған менің әріптесім Азамат Әуезхан толығырақ тарқатуға дайын.
-Азамат, екінші дүниежүзілік соғыста опат болған сарбазды қашан анықтаған?
-Иә, Өмір, мүрдені өткен жылдың маусымында тауыпты. Оны алған марапаттарына қарап анықтаған екен. Айтпақшы, медальдарымен қатар, сарбаздың қол сағаты және қаламсабы бар. Бұл жәдігер саналатын заттар оның ұлы үшін қымбат екені даусыз. Өйткені, осы арқылы Александр Нагайцев өз әкесін тапты.
Бұл 44-ші жылдың ақпанында күндізгі сағат екіде тоқтаған қол сағаты. Енді оны Эстония түбіндегі шайқаста опат болған сарбаз Андрей Нагайцевтің ұлы көзінің қарашығындай сақтап келеді. Оның әкесі 1941 жылы соғысқа кеткенде ол небәрі біржарым жаста болыпты. Ал үш жылдан кейін әкесінің қаза тапқандығы туралы қаралы хабар келеді.
«Сол уақытта әкем із-түссіз жоғалғандардың қатарында болған еді. Жерлеу рәсімін де жалпылама өткіздік. Өйткені оны іздейтін де, сұрастыратын да ешкім болмады», - деді А. Нагайцевтың ұлы Александр НАГАЙЦЕВ.
Александр Нагайцев әр жылы 9 мамырда әкесінің құрметіне 28 панфиловшылар саябағына барады екен. Осы жерде даңқ ескерткіші туралы сөз қозғағым келіп тұр. Оның көлемі мен пішіні, анықтап қарасаңыз, Кеңестік социалистік республикалар одағының шекарасын білдіреді. Бұл ретте сұрапыл соғысқа опат болған боздақтарымызды да ұмытуға әсте болмайды.
«Біз әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігіне тағзым етуіміз керек. Өзіңіз елестетіп көріңіз, 41-ші жылы Қазақстанда 7 миллион ғана халық болған. Оның 1 миллион 400 мыңға жуығы соғысқа аттанды. Ал қалғаны жеңіс жолында қызмет етті. Олар алып берген жеңісте қазақстандықтардың да үлесі бар», - деді Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұрат ӘБДІШҮКІРОВ.
Сол уақытта Қазақ ССР-дан әскер қатарына 1 миллион 200 мың адам алынған екен. 12 атқыштар, 4 кавалер дивизиясына, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық жеке полк пен батальондар тағы бар. Азаттық үшін күресте 600 мыңнан астам қазақстандық опат болыпты. Бұл орны толмас қаза екені даусыз. Ал қазір Балтық жағалауы елдерінде орын алған шайқастарға тоқталсақ.
«Мәскеу түбіндегі аты жер жарған 316-шы атқыштар дивизиясы, кейінгі 8-ші атқыштар дивизиясы, осы мынау 44-ші жылы күз айында тікелей Латвия республикасын азат етуге, басынан аяғына дейін азат етуге қатысқан 8-ші атқыштар дивизиясын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, осы қазалы 3 прибалтика елдері территориясында 38-ші гвардиялық дивизия, 30-шы атқыштар дивизиясы тікелей атсалысты», - деді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Досалы САЛҚЫНБЕК.
Кезінде із-түссіз жоғалып, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды іздеумен қазір арнайы топтар айналысады. Олардың арқасында Александр Нагайцевтің әкесінің мәйіті табылды. Өткен жылы олар Эстонияға аттанып, қазба жұмыстарын ұйымдастырған. Нарву қаласының түбінде сұрапыл шайқастардың бірі болған деседі. Дәл осы аумақта ленинградтық фронт 9 ай көлемінде фашистердің қорғанын бұзу үшін соғысыпты. Әрине, құрбандардың да саны көп.
«Эстонияның Вайваро елді-мекенінде Қызыл әскердің 8 мүшесінің денесі табылды. Өкінішке орай, олардың біреуін ғана анықтай алдық. Әрине, алған медаліне қарап. Ресей Федеациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағатына сауал хат жазып, ордендердің нөмірі бойынша анықтадық. Нәтижесінде ол марапаттар Нагайцев Андрейге тиесілі болып шықты», - деді Front Line әскери-тарихи қоғамының өкілі Андрей ЛАЗУРИН.
Александр Нагайцев әкесінің Алматыда қайта жерленгенін қалапты. Белсенділердің арқасында сарбаздың туыстары оңай табылды. Бірақ батырдың ұлында оны елге жеткізетін қаражат болмаған. Әлеуметтік желілерде бұл оқиға ешкімді бей-жай қалдырмаса керек, эстондықтар, ресейліктер мен қазақстандықтар қол ұшын созып, сарбаздың денесін елге жеткізуге көмектескен.
«Ризашылығымды жеткізе алмай тұрмын. Өйткені бұл мен үшін үлкен құрмет. Өмірімнің аяғына дейін есімде қалады. Енді мұнда келгенде менің әкемнің, менің батырымның осында екенін біліп жүретін болдым», - деді Андрей нагайцевтың ұлы Александр НАГАЙЦЕВ.
Іздеушілердің еңбегін де айта кету керек. Шайқас алаңдарына олар жылына екі рет барады екен. Сәуірде және тамыз айында. Бірі өз еркімен, енді бері өз қаражатына. Қазақстандық топ отандастарымыз ұрыс жүргізген орындарға барады. Бірақ бармас бұрын алдымен мұрағаттарды ақтарып, картадан шайқас алаңдарын анықтайды.
«Табылған сарбаздардың мүрделері жеке заттары бойынша анықталады. Орден, медальдарына қарап. Оларда нөмір көрсетілген. Сол арқылы сарбаз туралы мәліметтер анықталады. Туған-туыстары іздестіріліп, хабар-ошарсыз кеткендер тізімімен салыстырылады», - деді іздестіру жасағының мүшесі Әсет ЖАҚСЫБАЕВ.
Осы жерде, халық арасында «қара қазғыштар» аталып кеткендер туралы айтпасқа болмайды. Олар сарбаздардың атын шығару үшін емес, олардың марапаттарына көз тіккендер. Ең қымбаты әрине, шектеулі шығарылыммен шыққан медальдар. Тіпті, неміс сарбаздарының жетондары да қара базарда бірнеше жүз еуроға бағаланады екен. Елімізде мұндай әрекет заңмен қудаланады. Десек те, олардың сатылымын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ коллекционерлер оларды қабылдаудан бас тартамыз дейді. Айтуларынша, ол адамгершілікке жатпайды.
«Адамның жасаған ерлігі үшін берілген марапаттың бағасы жоқ. Ол мақтаныш пен абыройдың белгісі іспеттес. Сол себепті ол құнды жәдігер отбасында қалу керек», - деді антикварлық салон иесі Юрий КАЛАИДЖИ.
Пост кеңестік мемлекеттер сияқты, біздің елімізде де әр 9 мамыр құрмет-қошеметпен өткізіледі. Мәңгілік полк маршы ұйымдастырылып, Алматы көшелеріне өз батырларының суретін, марапаттарын ұстағандар шығып, батырлар рухына тағзым етеді. Биылғы шараға дәстүр бойынша, 100 мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланып отыр.
-Рахмет, Азамат. Бабаларымыздың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды.