Алматыда 20 жылдан астам уақыт заңсыз пайда тауып, жұмыс істеп келген шағын базар сот шешімімен жабылды. Тұрғындарға "Тұлпар" атымен танымал болған базар беймаза орынға айналып, бұқараның берекесін алып келген еді. Бетімен кеткен базар басшылығы биліктің ескертпесін елемек түгілі, ерегесіп келген еді. Көзге шыққан сүйелдей болған базар ақыры сүріліп, оның орнына алдағы уақыта көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.
Автокөліктің бөлшектерін сататын шағын базарға жергілікті бұқара бұған дейінде бірнеше рет шағымданған. Алматының әрбір жүргізушісіне таныс жер кәсіпкерлер үшін нағыз пайданың көзіне айналып келген еді. Ұзақ жыл қызығын көрсе де, саудагерлер бұл төңіректің тазалығына бас ауыртпаған. Жолдың шетіне тұра қалып, теңге табатын пысықайлардың әрекетіне, енді міне, 20 жылдан соң ғана тосқауыл қойылып отыр - дейді, көше саудасынан мезі болған тұрғындар.
«Қалдық, қоқыстарын тастап кетеді. Айналаның бәрі май, жаңбырда ол аулаға ағатын. 20 жылдан астам уақыт осы проблемамен айқасып келеміз.Осы уақытқа дейін шешілмеген еді бұл мәселе. Біздің де мұң, зарымызды тыңдайтын адам бар екен ау»,-деді Петр ТОКСИДИ.
Уәлиханов көшесінің бойы Райымбек даңғылына дейін былтыр қайта жасалып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген еді. Халыққа қолайлы болу үшін орындықтар, спорт алаңдары салынды. Енді жақын арада жүргіншілер жолағы мен веложолдар салынуы тиіс.
« "ТUSSA"ЖШС-нің басшыларына былтырдан бері бірнеше рет аумақты реттеуді ескерттік. Сауда контейнерлерінің он төрті "қызыл сызықтың" үстінде орналасқан. Иелері ол дүңгіршектерді өз беттерінше алуға қарсылық танытты»,-деді Алматы қаласы медеу ауданы әкімінің орынбасары БАҚЫТЖАН НАУРЫЗБЕКОВ.
Ауданның адамдарына қолайсыз, қала көркінің дамуына кері әсер етіп келген шағын базарды бұзу туралы сотқа әкімшілік арыз түсірген. Соттың шешімінен соң сауда орындарын сүруге қажетті техниканы да жергілікті әкімдіктің өзі жалдап, жұмысты толықтай жүргізді. Дегенмен, жерді жалға беру арқылы қаржы табуды ғана көздеп, қоғаммен санаспайтын саудагерлер қалада әлі де азаймай тұр.
Әмірболат Құсайынұлы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.