Болашақ адвокаттар төлеуi тиiс 800 мың теңгелiк жарна алып тасталынуы мүмкін

29.03.2018 01:40

Адвокаттарға тықыр таянар күн жақын. Мәжіліс депутаттары қорғаушыларға қатысты заңға енген біраз өзгерістерді талқыға салып, саладағы кемшін тұстарды жіпке тізді. Олар алдымен адвокаттардың алар ақысын реттеу керек, дейді. Өйткені, қорғаушылардың қызмет құнын қазір ешбір орган қадағаламайды. Одан қалды, алқа төрағалары да жылы орындарын босатуға асықпайды екен. Ал жас адвокаттар лицензия алу үшін 800 мың теңге жарна төлеулері тиіс. Бұл бассыздық мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің шамына тиді.

Әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілісте «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын таныстыруда отандық адвокаттардың қызметін жетілдіретін тұстарына тоқталды. Оның айтуынша, бізде мамандар саны аз, жетіспейді. Сондай-ақ елімізде қорғаушылардың жұмысын тексеретін орган жоқ екен. Тағы бір кем тұс - адвокаттық қызметі озық елдердегідей емес, біздегі мамандар оқу мен тәжірибе жинаудан құр қалған. Осындай олқылықтарды жоюды көздейтін заң жобасында  адвокаттар алқасының төрағалығына тағайындауда да өзгерістер енгізілмек.

«Бұл халықаралық тәжірибе. Шетелде адвокаттар алқасының төрағасына жалақы төленбейді немесе ол символдық мәндегі еңбекақы алады. Осы уақытта төраға адвокаттық қызмет ұсынбайды, жалақысы жоқ, сондықтан бір-екі жылдан кейін орнын босатып, адвокаттық қызметін жалғастырады. Ал бізде төраға жалақы алады. Өкінішке қарай, біз осындай ұсыныс жасауға мәжбүр болдық. Өйткені адвокаттар алқасы жұмысының тиімділігі төмен», - деді  ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаманы қолдайтынын айтып, өңірлерде адвокаттар алқасын он жылдан артық басқаратындарды сынға алды. Оның айтуынша, Маңғыстау, Алматы, Атырау, Ақтөбе облыстарында төрағалар 25 жылдан 33 жылға дейін басшы болған. Бұндайды тоқтату керек деген ол жастарға да мүмкіндік беруді алға тартты. Осы орайда, Марат Бекетаев жастарға қызметке ертерек кірісу үшін «Адвокаттар алқа» мүшелегіне қарастырылған 800 мың теңге көлеміндегі жарнаны алып тастау құжатта көрсетілген, деді. 

«Жарналардың болмауы - бұл әлемдiк тәжiрибе. Үздiк әлемдiк юрисдикцияларда өтiнiштердi өңдеу үшiн төлемдер, дайындалуға арналған материалдар үшiн төлемдер бар, бiрақ алқаға мүшелiкке өту үшiн жарна жоқ. Лицензиялау қалады. Лицензиялау кезеңiндегi емтихандардан бас тартып отырған жоқпыз. Сондықтан сапа төмендемейдi деп ойлаймыз», - деді ҚР Әділет министрі  Марат БЕКЕТАЕВ.

Депутаттар жарнаға тыйым салынғаннан кейiн адвокаттық қызметпен бiлiксiз мамандар айналысып, клиенттердi қорғау сапасына әсер етпей ме деген сауал көтерді. Алайда Мәжіліс төрағасы бұл жерде де өз қолдауын білдірді.

«Қазiр елiмiзде 4700 адвокат бар. Орташа статистикамен алсақ, 4 мың азаматқа 1 адвокаттан келедi. Ал Еуропа елдерiнде орташа алғанда 300-400 адамға, әрi кетсе 1 мың адамға 1 адвокаттан келедi. Яғни, оларда бәсекелестiк бар, азаматтардың таңдау мүмкiндiгi де бар. Ал елiмiзде жас адвокаттарға бiлiктiлiк тестiлеуi емес, жарна кедергi келтiрiп отыр. Жарна көлемi шамамен 800 мың теңгенi құрайды. Бұны барлығының қалтасы көтере бермейдi. Бізде адвокат болу үшiн бiлiм мен тәжiрибе жеткiлiксiз. Олар сондай-ақ қаржылық жағдайының жақсы екенiн дәлелдеуi керек. Бұл - жас адвокаттарға үлкен кедергi», - деді ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Министр заң жобасы аясында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына адвокаттар және заң консультанттарының тегін көмек көрсету де қарастырылған, деді. «Рro bono» деп аталатын жүйе тараптардың келісуімен ерікті және өтеусіз негізде жүргізілетін болады. Қорғаушылардың қызметін цифрландыру үшін де қомақты жұмыстар қолға алынбақ. Дәлірек айтсақ, «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесін құру мен қалыптастыру алдағы жоспарда.


Теги: жарна