«Болашақ» қауымдастығы ҰОС-ның ардагерлеріне құрмет көрсетті

05.05.2018 в 15:13

Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көмек акциясы басталды. Майдангерлерді  азық-түлік, дәрі-дәрмек сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырып жатыр. Олар жеңіс күніне дейін қаладағы 60 қарт жауынгердің жағдайын біліп, құттықтап шықпақ. Қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылардың айтуынша,  қажетті қаржыны «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген түлектер жинаған. Олар биыл бір миллион теңгенің қайырымдылығын жасауды жоспарлапты. 

«Аштықты көрдім 7-8 жасымда, 1931-1932 жылы. Одан кейін 1937-1938 жылы халықтың  жылағанын, нақақтан сотталып жатқанын көрдім. Соғысқа басынан аяғына дейін қатынастым. Өмірдің жақсылығында, қиыншылығында көрдім. Өмірге қанағат деймін. 95- ке келдім», - деді Ұлы Отан соғысының ардагері  Олжабай ТЕМІРХАНОВ.

Болашақтықтар бүгінгі күнге дейін Алматыдағы 45 ардагерге барып, олардың хал-ахуалын біліп шыққан. Айтуларынша, ардагерлердің арасында денсаулығымен қатар, тұрмысы да нашар адамдар аз емес. Тіптен, көптеген қарт майдангерлер көмек сұрап жиі хабарласады, деді қауымдастық өкілдері.

«Алматы қаласында қазіргі күні 800-дей арадагер ғана қалыпты. Жыл сайын олардың саны азаюда. Денсаулығына қарасақ, жастарының бәрі тоқсаннан  асқан.  70-ке жуық арадагерлердің әлі есі бар, денсаулығы бар, сөйлей алады, жақсы әңгіме айтады. 20-25 пайызы төсек тартып жатыр. Жағдайларына қарағанда енді мұқтаж жандар өте көп. Әсіресе, орыс халқының  арасында бір өздері тұрады. Балалары да тұрмайды қастарында. Ардагерлер бізге хабарласып тұрады. Қарнымыз ашып жатыр, тамақ жоқ деп. Жағдайы өте нашар арадагерлерде бар», - деді «Болашақ» қауымдастығы Алматы қаласы филиалының директоры Қымбат ӘБДІКЕРІМОВА.