«Болашақ» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді

«Болашақ» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресей Қазақстанға биыл 10 мың білім грантын бөлді. 30-дан аса жоғары оқу орындарында білім алам деушілердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Үкіметаралық келісім арқылы қол жеткізілген орындарға қабылдау емтихандары еліміздің 7 өңірінде 23 сәуірден бастап өткізіледі. Ал «Болашақ» бағдарламасына биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.

«Болашақ» бағдарламасының шапағатын көргендердің бірі - Марат Саршаев. Ол қазір еліміздегі белді нейрохирургтардың бірі. Астанадағы медициналық университетті тәмамдаған ол, Мәскеуде білімін шыңдап келген. Бағдарламаның талаптарын да қатаң сақтадым дейді. Алдымен, 3 жыл туған ортасында қызмет атқарып, қазір Алматыдағы клиникалық аурухананың бірінде жұмыс істеп жатыр.

«Мәскеу қаласындағы ғылыми зерттеу институтын бітіріп келгеннен кейін, Қазақстанға оралдым. Өзімнің туған қалам - Таразға барып, қалалық ауруханада нейрохирург болып жұмыс істедім. Мәскеуде алған тәжірибемді, білімімді сол жерде пайдалана бастадым. Ол жерде 3 жыл жұмыс істедім», - деді нейрохирург Марат САРШАЕВ.

«Болашақ» бағдарламасының түлектеріне арналған бірдей талап бар. Ол алған білімдерін Астана мен Алматы қалаларында 5 жыл, өзге өңірлерде 3 жыл пайдалану керек. Ал биылдан бастап, бағдарламаға бірнеше өзгертулер енгізілді. Олар: шетелдегі оқу орындарына өз бетінше түскендер үшін дипломның орташа балына қойылатын талап 3 балға дейін төмендетілді. Іс-тәжірибеден өтушілерге жаңа санаттар қосылды.

«Біз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиясынан бөлек, үкіметаралық гранттар бойынша нақты гранттар береміз. Ол бойынша, гранттар айқындалу кезеңінде бәрі анық, барлық гранттар бойынша, Білім және ғылым министрлігінің отырысында комиссия құрылып, шешімдер шығады. Биыл Қытай еліне 125 білім гранты бойынша өтініш қабылдадық. Одан бөлек, Мажарстан-Венгрия еліне қабылдадық. Алдағы уақытта Польша елі болып отыр», - деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілі Алтай НҰРМАНОВ.

Үкіметаралық келісімдер негізінде Ресей Федерациясы Қазақстан азаматтарына 30-дан аса жоғары оқу орындарында 10 мың білім грантын ұсынып отыр. 23 сәуірден бастап 15 мамырға дейін еліміздің 7 өңірінде қабылдау емтихандары өтеді. Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасының шарапатын осы кезге дейін 12 мыңнан астам азамат көріпті. Ал қазір мың 53 стипендиант шетелде білімін шыңдап жатыр екен.


Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров