Мегаполис басшысы жаңарған бірнеше көшелерді аралап шықты. Оның ішінде, Абай даңғылында да болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Даңғылды модернизациялау аясында жаяу жүргінші кеңістігі кеңейді, асфальттың орнына кеспе тастар төселді. Жақын арада заманауи және өте қолайлы көше жиһаздары қойылатын болады.
Бұлардан өзге, жаңа жарық диодты көше және троутар шамдары орнатылуда. Жаңа фонтандар салу мен ғимараттардың сыртын жаңарту жұмыстары аяқталып қалды. Қазан айында әртүрлі 1000-нан астам ағаш отырғызылады.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында мердігердің назарын жіберілген кемшіліктерге және атқарылған істердің барлығы қала тұрғындарына қолайлы болуы тиіс екеніне аударды.
«Мүмкіндігінше, қалада кедергісіз ортаны қалыптастыру қажет. Көп жерде пандустар қарастырылмаған, соның ішінде Спорт және туризм академиясы алдындағы жаңа фонтан маңында. Кеткен кемшіліктерді түзетіңіздер», – деді Бауыржан Байбек.
Мегаполис басшысы қозғалыс бөлігіне тым жақын орналасқан көлік бекеттері кешендерін ауыстыруды және жолаушы ағыны жиі Орталық стадион жаны мен өзге де учаскелерге қосымша бекеттер орнатуды тапсырды.
Наурызбай батыр көшесі қиылысына сквер жасау мәселесі қайта қаралады, бұрынғы Түркісіб ауруханасының маңын жасылдандыру көлемі артады.
Бұрын стихиялы көлік тұрағы болған Сейфуллин даңғылының батыс бөлігіне кіші пішінді архитектуралық формалар қойылады, жасылдандырылады және заманауи форматтағы сауда орындары пайда болады.
Масанчи көшесінің шығысына қарай кезінде донер жасаушылар басып алып, тұрғындардың ренішін туғызған учаскеге жасыл желек отырғызылады.
Бірқатар учаскеге, соның ішінде Лермонтов атындағы театр алдындағы алаңға тротуар плиткасы қайта төселеді.
Жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек Желтоқсан көшесінде де болды және «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші маңында қауіпсіздік аймағын жасауды тапсырды.
Бұрындары мегаполис басшысы Республика сарайы алдындағы алаңға тротуар плиткаларын төсеуде жіберілген кемшіліктерді түзетуді тапсырған болатын. Бұлардан өзге, қала әкімі Абылай хан даңғылын қайта жасаған «Элитстрой» компаниясының еншілес мердігерлік ұйымының жұмысын сынға алып, олқылықтардың орнын толтыруға екі ай мерзім берді.
Айта кетерлігі, жалпы Алматыда биыл 524 көше жөнделді, 1400 ескі аула жаңарды. 300 км арық салынды және жөнделді, 800 км инженерлік желі тартылды.
Қаланың барлық жерасты өтпелі жолы жаңарды. Жыл аяғына дейін барлық көше жарықтарының үштен бірі жарық диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылады.