Алматыда Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салуға 10 мың адам келген. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл тек алдын ала есептеулер екен. Спортшыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті.
Денис Тенмен қоштасуға келген барлық адам спорт сарайының ішіне кіре алмады.
Әйгілі мәнерлеп сырғанаушының ақтық сапарға шығарып салу шарасына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан даму банкінің төрағасы Болат Жәмішев, депутат және Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және өзге де танымал тұлғалар қатысып, сөз сөйледі.
Әйгілі боксшы Геннадий Головкин Денис Тенмен қоштасу үшін АҚШ-тан арнайы ұшып келді.
«Алматы» телеарнасы автоұрылардың қолынан қаза тапқан 25 жастағы Денис Тенді соңғы сапарға шығарып салу рәсімін Facebook пен Youtube-тегі ресми парақшаларында тікелей көрсеткен болатын. Бейнежазбаны әлі де осы сілтемелер арқылы көруге болады.