Отандық дизайнерлер Миланда өткен сән апталығында шетелдіктерді таңдай қақтырды. Шарада олар алдағы күз бен қысқа арналған киім үлгілерін ұсынған. Фэшн индустриясындағы майталмандардың жоғары бағасын алған 5 сәнгер өз топтамасын алматылықтарға көрсетті.
Отандық дизайнер Кәмилә топтамасындағы әр зат өзінің қайталанбас бірегейлігімен ерекшеленді. Бұл киімдердің үлгісін жасап, оны әзірлеуге сәнгер жарты жыл бойы тынымсыз еңбектенген. Атап өтерлігі, барлық киім киізден жасалған. Топтаманы тігуге 3 шебер ат салысыпты.
«Отандық дизайнерлерге қолдау көптеп көрсетілуде. Халықаралық көрменің жас сәнгерлерге берері көп. Тәжірибе алмасумен қатар, өзге мемлекеттермен байланысты нығайтуға септеседі», - деді сәнгер Кәмилә СҮЛЕЙМЕНОВА.
Кәмилә сән әлеміне 3 жыл бұрын келген. Миланда өткен сән апталығында туындыларын алғаш рет ұсынып отыр. Ал Фариза Сұлтан бұған дейін өз қолынан шыққан киім үлгілерін Италияда көпшілік назарына ұсынған. Сән индустриясы мамандарының жоғары бағасын алыпты.
«Қазіргі кезде біз экспорттық дүние жасаймыз. Бұл Миланға барғанымыз екініші сезон. Оның алдында біз бірнеше тапсырыс алған болатынбыз. Қазіргі кезде тек қана Еуропа емес, Лондон, Ұлыбритания, Сеулдан және Бельгиядан тапсырыс алдық», - деді сәнгер Фариза СҰЛТАН.
Отандық сәнгердің ұлттық нақыштағы киімдері тек елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерде де кеңінен таралуда. Жыл өткен сайын тапсырыс беруші елдер қатары артып келеді, дейді дизайнер. Миланда өткен сән апталығында тың туындыларын 5 сәнгер ұсынған. Оған Қазақстанмен қатар, 23 мемлекеттің дизайнерлері қатысып, ұлттық және замануи киім үлгісін көрсетті.
«Мемлекет тарапынан экспортерлерге сондай көрсеге қатысамын десе, олар ақша бөледі. Бірақ менің ойымша, топтама жасау, брендинг жасау, өнім жасау үшін сондай да көмек керек. Бірақ олар әлі көмекке бізді бермейді. Сол салаға да назар аударады деп үміттенемін», - деді тренер Айка ӘЛЕМІ.
Алдағы күзде Миланда өтетін сән апталығында 10-нан аса дизайнер өз туындыларын ұсынбақ.