Алматылық оқушылар жазғы лагерьлерге жіберілді

30.05.2017 15:37

Алматылық оқушылар жазғы лагерлерге жіберілді. Оқуда озат шәкірттер Іле Алатауы баурайындағы «Жас құрылысшы» демалыс кешеніне жолдама алған. Олар онда 1 апта тегін тыныстамақ. Мұндай жеңілдікке ие болғандардың арасында көп балалы, тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар бар.

Алматыда лагерьдегі жазғы демалыс маусымын алғашқылардың бірі болып Түрксіб ауданының оқушылары бастады. Таң алакеуімнен балалар аудандағы №6 оқушылар сарайының алдында жиналды. Түркісіб ауданының әкімшілігі лагерьге биыл 200 жолдама сатып алыпты. 

«Лагерьге тегін демалуға жіберілетін балаларды таңдауға аудандық білім бөлімі және көпбалалы аналар одағы көмектесті. Жазғы демалыспен бірінші кезекте ата-ана қамқорынсыз қалған, көп балалы және әлеуметтік деңгейі төмен отбасынан шыққан жеткіншектер қамтамасыз етіледі. Демеушілер де қолдау көрсетті»,- деді Түрксіб ауданының әкімі, Владимир УСТЮГОВ.

Жолдамаға қолы жеткен оқушылар Іле Алатау баурайында орналасқан Жас құрылысшы лагерінде демалады. Олар мұнда бір аптадай жазғы демалыстарын өткізіп, үйлеріне қайтады. Ал, кешен ұжымы кезекпен келесі оқушыларды қабылдайды. Таза ауа, таудың салқын самалын жұтуға келгендердің бірі - Ұлдана Өсербай. Ол мұнда алғаш рет келіп отыр. Көпбалалы отбасынан шыққан жасөспірім мұнда уақытын қызықты өткізетініне сенімді. 

«Мен бұл лагерьге бірінші рет келіп тұрмын. Менің ойымша лагерь өте қызық деп ойлаймын. Және де көптеген қызықтарды күтемін»,- деді 6-сынып оқушысы, Ұлдана ӨСЕРБАЙ. 

Лагерьде балалар уақытын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Жасөспірімдердің күнделікті кестелерінде бос орын жоқ. Атап өтер болсақ, олар би сабақтарына, волейбол, баскетбол сынды ойындарға қатысады. 

Лагерьде демалып жатқан 7 және 14 жасқа дейінгі оқушылар 6 топқа бөлінген. Әрқайсынының өз ұрандары бар. Олар үшін күн сайын қызықты ойындар мен көңілді кештер өткізу дәстүрге айналған. 

«Балаларға кино көрсетіледі, кешке қарай дискотека ұйымдастырылады. Оған қоса, арнайы қуыршақ театрының ұжымы қойылым қояды. Жеткіншектер өздеріне жаңа дос тауып, соңында қия алмай қоштасатындары қаншама. Кейбір балаларымыз бар, бірнеше жылдан бері осында тұрақты демалып жүр»,- деді Аға тәрбиеші, Рақымжан СӘБИТОВ. 

Алматыда осы жылы 100 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылмақ. Олар алып шаһар төңірегі мен оның сыртындағы 700 лагерьде тынығады. Оған қоса, балалар үшін клубтар, үйірмелер, сауықтыру орындары жұмыс істейтін болады.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы