14 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ-ның ең төменгі межесін еңсере алмады

29.06.2018 19:54

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 14 мыңнан астам түлек өте алмады. Бұл туралы брифинг барысында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов айтты. Республикалық шараға жалпы саны 98 мыңнан аса 11-шы сынып бітіруші қатысқан. Олардың 85 пайызы, яғни 84 мыңнан астамы шекті балға қол жеткізген.

«Өкінішке қарай, шекті балды алмағандардың саны - 14 633 немесе 14%. Сондай-ақ 9 түлектің ҰБТ нәтижесі жоққа шығарылды. Қазақстан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл - 83. Былтыр ол 80,5% болған»,-деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ. 

Шекті балдан аса алмаған түлектер енді 25-і шілде мен 3-і тамыз аралығында тестіні екінші рет тапсыруға өтініш беруі керек. Ал қайтара тестке отыру мезгілі тамыздың 15-і мен 19-ы  аралығында жоспарлаған. Түлек екінші ретте оң нәтиже көрсете алмаса, өз білімін қыста қайтадан сынауға мүмкіндік алады.